Темір жолдағы екі жұмысшының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Темір жолдағы екі жұмысшының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

22.01.2024

Шудың шойын жолындағы екі жұмысшының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Астанадан Шымкентке бара жатқан жолаушылар пойызы адам басып кеткенін айтқан болатынбыз. Қазақстан теміржолының баспасөз қызметі оқиғаның кеше таңғы жетілерде "Шу-Шығанақ" учаскесінде болғанын растады. Төрт теміржолшы ол учаскіге жұмыс бабымен барған. Ауыр жарақат алған екі ер адам жол үстінде жан тапсырды. Марқұмдардың бірі - 62, екіншісі - 57 жаста. Екеуі де темір жол саласында ширек ғасырдан астам қызмет еткен. Ұлттық компания қаза болған қызметкерлердің отбасыларына тиісті материалдық көмек көрсетеміз деп отыр. Ал пойыз жүргізушісі апаттық тежегішті басқанымен, көлікті тоқтата алмаған.

Ерлан Сеңгірбаев,  Шу станциясы желілік полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары:

Орын алған жағдай бойынша желілік полиция бөлімімен, яғни "Темір жол көлігі қозғалысының қауіпсіздік қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық ісі қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Маңғыстау облысында теміржолды жөндеп, қысы-жазы далада жүретін жұмысшыларға жағдай жасалмаған. Мысалы, (( КСМ: )) Бейнеу жол дистанциясының Сайөтес ауылындағы бөлімшесінде 60-қа жуық адам еңбек етеді. Олар рельстердің арасын қардан, құмнан тазартып, пойыздардың өтуіне жағдай жасайды. Алайда, өздеріне қыста далада ықтайтын орын жоқ. Көліктері де ескі. Құрал-сайман салатын гараждары да жаңартуды қажет етеді. Теміржолшылар «жұмыс ауыр, ал жалақы мардымсыз», - дейді. Сондықтан олар айлықтарын 100 пайыз көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды сұрайды.

Аманжан Құлбаев, теміржолшы:

Жазда ыстықта далада күннің астында, боранда қыста аяздың, желдің өтінде тұрып жұмыс жасаймыз. Қазіргі таңда отырып түскі тамақ ішетін буткілеріміз енді адам айтса нанғысыз енді былай айтқанда. Бізге буткі әкеліп берген болды. Енді керек емес бір жерден шыққан контейнер. Әр жерге қойып қойды. Оның енді ені 1,5-2 жарым қылып. Ішіне 3-4 адам кетсе, адам тығылысып, отыра алмай қалады. Беліңді жаза алмайсың. 


Хабарламаларға жазылу