Елімізде қолдан ақша жасайтындар азайды
Елімізде қолдан ақша жасайтындар едәуір азайған. Биыл алғашқы жартыжылдықта қолдан жасалған 57 банкнота анықталыпты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 68%-ға аз. Ұлттық банк өкілдері мұны қорғаныш элементтерінің үнемі жаңартылып отыратынымен түсіндіреді. Яғни, қолданыстағы соңғы технология теңгенің көшірмесін жасауға жол бермейді. Ұлттық валютамыз қалай қорғалатынын тілшіміз Әйгерім Ердәулет анықтап көрді.
Банкнотаға басылатын қорғаныш элементтері бір ғана белгімен шектелмейді. Су белгісі, арнайы жіп, микрооптикалық элемент, бедерлі баспа және жарыққа қаратқанда екі жақтағы бейнелердің сәйкестігі. Осының бәрі ақшаның түпнұсқасын анықтауға көмектеседі. Жалпы, банкнотаның өзі бір күнде дайын болмайды. Алдымен арнайы қорғаныс белгілері басылған қағаз фабрикаға жеткізіледі. Кейін парақ бірнеше баспа кезеңінен өтіп, тексеріліп, кәдімгі ақшаға айналады. Дайын ақша қолға тигенше бір жарым-екі айға дейін уақыт қажет.
Жомарт Қажымұратов, ҚР ҰБ банкнот фабрикасының бас директоры:
Біз жаңа банкнотаны бірден айналымға шығармас бұрын үш кезеңнен өткіземіз. Алдымен оның қағазы, қорғаныс жіптері, полимерлік негізі мен өндірістік жабдықтар сынақтан өтеді. Кейін мерейтойлық және естелік банкноталар арқылы жаңа технологияның халыққа және ақша айналымына қаншалықты тиімді екенін бағалаймыз. Осы сынақтардың нәтижесі оң болғанда ғана жаңа қорғаныс элементі жаппай айналымдағы банкноталарға енгізіледі.
Бүгінде әрбір парақ автоматтандырылған жүйемен тексеріледі. Арнайы құрылғылар көзге көрінбейтін ұсақ ақаулардың өзін анықтайды. Ал банкнотаның түпнұсқалығын үй жағдайында да тексеруге болады. Купюраны жарыққа қаратып, су белгісіне және екі жақтағы бейненің бір-біріне дәл келуіне назар аудару керек. Ал бедерлі белгілерін саусақпен сипап сезуге болады.
Әмина Жолмырза, ҚР ҰБ қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас экономист-маманы:
2026 жылдың жарты жылдығында 57 ғана жалған банкнота анықталды. Ол алдыңғы жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда, қателеспесем, 68 пайызға төмендеген. Яғни, қазір жалған ақшалар азайып жатыр. Оның барлығы сол қорғаныс элементтерінің қиын жасалу жолдарына қарай оның қайта жаңарып отыруына байланысты.
Банкнот фабрикасында теңгеден бөлек жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, диплом және төлқұжат сияқты 130-ға жуық өнім шығарылады. Сондай-ақ тапсырыстарды да қабылдайды. Мәселен, 12 елге арналған 18-ге жуық номинал өндіреді. Айта кетейік, бүгінде еліміздегі қолма-қол ақшаның көлемі 5 триллион 352 миллиард теңгеге жеткен.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы