Мемлекет басшысы бүгін Италияға ресми сапармен барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы бүгін Италияға ресми сапармен барады

17.01.2024

Бүгін Мемлекет басшысы Италияға ресми сапармен барады. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев Италия президентімен, премьер-министрімен және алпауыт корпорацилардың басшыларымен кездеседі деп жоспарланған. Әрі Рим папасы Францискпен де жолықпақ. Жалпы бұл сапардың маңызы қандай? Қос тарап нендей келісімдерге келуге ниетті?

Досжан Маратұлы, тілші:

Италия – Қазақстанның негізгі сауда экономикалық серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс іркілген емес. Байланыс сан салада жанданып келеді. Енді тараптар оны еселеуге мүдделі. Сондықтан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Римге алғаш рет ресми сапармен келмек.

Бұл қазақ-итальян қатынасына тың серпін береді, - дейді сарапшылар. Оның үстіне, ресми Рим қазір Орталық Азиядағы елдермен байланысты арттыруға бейіл. Ал бұл аймақта Қазақстан жетекші.

Козимо Грациани, саяси сарапшы:

Италия үшін Қазақстанның маңызы зор. Елдеріңіз арқылы аймақпен ғана емес сонау шығыспен де сауда көлемін арттыруға болады. Сондықтан Ресей Федерациясын айналып өтетін транспорттық-логистикалық жаңа жолдардың әлеуетін арттыруға мүдделіміз. Әрі Қазақстан инвестиция құюға қолайлы жер.

Иә, Италия елімізге қаржы құю жағынан алдыңғы қатарлы ел. Салған инвестиция көлемі 7 миллиард доллардан асады. Қазір 300-ден астам италиялық компания елімізде табысты жұмыс істеп жатыр. Оның үстіне, сауда көлемі де жылдан жылға артып келеді. Тіпті, Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші серіктесіміз.

Мәселен, қос ел арасындағы сауда көлемі өткен жылы 15 миллиард доллардан асты. Оның 14 миллиарды экспорт, 1 миллиарды импорт.

Ал Мемлекет басшысының Римдегі жұмыс кестесі тығыз болғалы тұр. Алдағы екі күнде Қасым-Жомарт Тоқаев Италия президенті Серджо Маттарелламен, премьер-министр Джорджа Мелонимен келіссөздер жүргізіп, италиялық ірі кәсіпкерлерді елімізге инвестиция құюға шақырмақ.

Ал сапарының екінші күні президент Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездесіп, кейін БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының штаб-пәтерлеріне барады. Мемлекет басшысының борты 3 мың жылдық тарихы бар шаһарға бүгін түнде ұшып келеді деп жоспарланған.


Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу