Қытайдан онлайн тапсырыспен сатып алынған заттар енді жылдамырақ келеді. Еліміздің бірнеше қаласында арнайы бонд-қоймалар ашу жоспарланып отыр. Олар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында салынбақ. Премьер-министр елімізде онлайн сауданы дамытуды тапсырды. Бұл қоймалар тауарды тек шетелден алып қана қоймай, сыртқа сатуға да септігін тигізеді. Былтыр еліміздегі онлайн сауда көлемі 2,2 трлн теңгеге жетіп, жалпы бөлшек сауданың 13 пайызын құраған. Интернет арқылы тапсырыспен алынатын негізгі тауарлар: үй тауарлары, киім, аяқ киім, тамақ өнімдері, косметика, дәрі-дәрмектер. Халықаралық маркетплейстер арқылы Қазақстан жыл сайын экспорт көлемін 100 млн долларға көбейтуді көздеп отыр. Ол үшін төлем жүйелері, логистика және курьерлік қызметтің жұмысын жүйелі түрде жолға қою қажет.
Арман Шаққалиев, ҚР Cауда және интеграция министрі:
Бонд қоймаларын ашу Қытайдан Еуропаға және кері бағытта тауарларды одан әрі транзиттеу үшін ірі шетелдік маркетплейстердің тауарларын орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл шетелдік тауарларды қазақстандық сатып алушыларға жеткізу уақытын 60-тан 7 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.