Маңғыстауда сыбырлақ аққулардың нақты неден қырылып жатқаны әлі анықталған жоқ.
Бүгінде өлген аққулардың саны 870-ке жетті. Қаракөл жағалауында өлекселерді жинап, жою жұмыстары жалғасып жатыр. Осы оқиғаға байланысты облыс әкімі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды.
Сондай-ақ Алматыдан орнитолог мамандар шақырылды. Әзірге құзырлы орган өкілдері, аққулардың өліміне қатысты бірнеше болжам айтуда. Қанаттылар аштықтан әлсіреп, құс тұмауын жұқтырған немесе Қаракөлге төгілген зиянды сұйықтықтан уланып қалған болуы мүмкін. Сондықтан, экологтар Қаракөлге ағынды су төгетін қонақ үйге жоспардан тыс тексеру басталғанын хабарлады.
Ерболат Қожықов, ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
Аққулардың өлу себептері бойынша қазіргі таңда құзырет шегінде экология министрлігі тиісті жұмыстар атқарылуда. Қара түсті сұйықтық ағып жатқаны туралы ақпарат бойынша қазіргі таңда экология департаментімен тиісті тексеріс тағайындалып, тексеріс жүргізіліп жатыр. Тексеріс нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданалатын болады.
Қаракөлге белгісіз қара сұйықтық төгіп жатқан бейнежазбаға қатысты, сол маңдағы қонақ үйдің өкілі де, пікір білдірді. Бас менеджердің айтуынша, бес жұлдызды қонақ үйде автономды, кәрізді тазарту жүйесі жұмыс істейді. Сондықтан көлге тазартылған су жіберіледі.
Серік Исағалиев, қонақ үйдің бас менеджері:
Біз Қаракөлге аптасына 1 рет тек су жіберіп тұрмыз. Ондай үлкен көлемде су жіберіп жатқан жоқпыз. Барлық суды мемлекеттік құзырлы органдардың рұқсатымыз бар. Біз әр квартал сайын өзіміз лабораторный анализіміз бар. Сондықтан біздің тараптан аққулардың өліміне бір нәрсе жасап жатқан, жағымсыз жағдайлар жасап жатқан жоқпыз.
Аягөз Оралбайқызы