Қызылорда облысында көлік қозғалысына шектеу қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында көлік қозғалысына шектеу қойылды

10.01.2024

Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің 7 облысында республикалық маңызы бар автожолдардың 9 учаскесінде жабылды. Жалпы синоптиктер алдағы күндері ел аумағында күн-райы күрт суытатынын ескертіп, үскірік аяз бен қарлы боран болады деп болжам жасауда. Елордада боран соғып тұр. Түскі ауысымдағы бастауыш сыныптар қашықтан оқып жатыр.

Бүгін Қызылорда облысында Жосалы кентінен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына дейін «Самара-Шымкент» автожолы жабылды. Себебі, қар аралас жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа ұласты. Жолда жүру қауіп туғызғандықтан таңертеңгі сағат 10:00-ден бастап барлық көліктердің қозғалысына шектеу қойылып отыр.

Жолда қалған 16 ресейлік құтқарылды

Ал Астана-Петропавл бағытымен жолға шыққан 16 Ресей азаматы эвакуацияланды. Олардың арасында 6 жасар бала да бар. Батып тұрған көлікті патрульдік полиция қызметкерлері байқап қалған. Жолаушылар Біржан сал ауданында орналасқан жылыту пункітіне жеткізілді.

Оқушылар қашықтан оқуға көшті

Ал Павлодарда қарлы боран бет қаратпай тұр. Сол себепті қала мектептерінде 1-9 сынып оқушылары қашықтан оқуға көшті. Сондай-ақ, қатты желден электр желілері зақымдалып Усолка, Зеленстрой, Дачный мөлтек аудандары жарықсыз қалған болатын. Бір сағат көлемінде электр қуаты қайта қосылды. Қазір шаһардың коммуналды қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Абай облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты Көкпекті, Жарма, Үржар ауданы мен Курчатов қаласындағы мектептер екінші ауысымда қашықтан оқу форматына көшірілді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу