Оралда тәулік бойы істейтін дәмханада газ қоспасы жарылып, екі адам қаза тапты. Апаттан құтқару шаралары жалғасып жатыр. Қайғылы оқиға түнгі сағат 02:00 шамасында болған. Әуелі газ қоспасы жарылып, ғимарат құлап, кейін өрт шыққан.
Жарылыстың күшті болғаны соншалық, дүмпуі көрші тұрған үйлердің терезесін сындырып жіберген. Құтқарушылар қираған екі қабатты ғимараттың астынан екі адамның денесін алып шықты. Алты адам құтқарылды. Олардың 5-еуі ауруханаға жатқызылды. Біреуі дәрігерлер бақылауынан бас тартты. Ауруханадағы бір адамның жағдайы ауыр дейді дәрігерлер.
Үйінділердің астында әлі де адамдар болуы мүмкін. Апаттан құтқару жалғасып жатыр. Оқиға орнында төтенше жағдайлар, полиция, жедел жәрдем күштерінің мамандары жұмыс істеуде. Толығырак алдағы жаңалықтарда айтамыз.
Ардақ Мұратқызы