Алматыда 3 адамның өмірін қиған автобус апаты мегаполистердегі проблемаларды көрсетті. Сенатор Бибігүл Жексенбай Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында осылай деді. Оның сөзінше, қоғамдық көліктерде қауіпсіздік қарастырылмаған. Ал автобус аялдамалары көлік жолына тым жақын орналасқан. Депутат ірі қалалардағы жол қозғалысын тез арада реттеу қажет деп отыр. Себебі, 2030 жылға қарай қазақстандықтардың төрттен бірі осы мегаполистерде шоғырланады.
Жалпы елімізде жыл сайын жол апатынан 2 мыңға жуық адам ажал құшады. Соңғы 5 жылда мыңнан астам жасөспірім қайтыс болған. Биылдың өзінде 11 мыңнан аса жол апаты тіркелген.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Қазірдің өзінде аталмыш қалалардағы халықтың едәуір бөлігі шет аймақтарда, жеке сектормен қосылған аудандарда тұрады. Мұнда мектептер мен балабақшаларда орын тапшылығы жоғары. Адамдар балаларын мектепке жеткізу үшін біраз жерге жеке көлікпен баруға мәжбүр. Сондықтан бұл қалалардағы өзге мәселелермен қатар, қоғамдық көлік тапшылығы мен жол кептелістері үлкен проблемаға айналды.