Қостанайда ақ түтек боран салдарынан 103 ауыл жарықсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда ақ түтек боран салдарынан 103 ауыл жарықсыз қалды

26.12.2023

Қостанай облысында ала таңнан ақ түтек боран соғып тұр. Соның салдарынан электр желілері зақымданып, 103 елді мекен жарықсыз қалды. Мектептерде сабақ қашықтан оқытылып, барлық бағытта қалааралық қатынас тоқтады.

Полиция барлық ақпарат тарату құралдарын пайдаланып, жолға шықпауды ескертті. Ақ түтек боран көз көрсетпейді. Дала түгілі қала ішінде жүру қиын. Әйтсе де ескертуді елемегендер жетіп артылады. Облыс аумағында жолда қалған 19 адам құтқарылды. Олардың ішінде айы күні жетіп отырған келіншек те бар. Біреуі бала.

Электр желілері зақымданып, 103 елді мекен жарықсыз қалды. Арнайы бригадалар қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қала ішінде жол-көлік оқиғасы көбейді. Облыс орталығында көптеген бағдаршам істен шығып, әр қиылыстағы қозғалысты полиция қызметкерлері реттеуге кірісті.

Жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жеткен дүлей дауыл Лисаков қаласы мен Сарыкөл ауданында орталық алаңдағы шыршаны сұлатып салды. Тобыл қаласында 4 қабатты тұрғын үйдің шатыры ұшып кетті. Абырой болғанда адамдар зардап шекпеген. Тек газ қазандықтарының мұржасы қирап, төрт көлік зақымданыпты.

Захар Комаров, Тобыл қаласының әкімі:

Бұл үйде 32 пәтер бар. Олардың ешқайсына зақым келген жоқ. Қауіпсіздік мақсатында ғимарат электр қуаты мен газдан уақытша ажыратылды. Ақаулар жөнделгесін қайта қосылады. Шатырды да көп ұзатпай қалпына келтірудің жолдарын қарастырып жатырмыз.

Облыс аумағында 257 жылыту орны дайындалды. Коммуналдық кәсіпорындар күштейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. 600-ге жуық техника құм мен тұз қоспасын төгіп, жолдарды қардан тазалап жатыр. Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында да көктайғақ пен боранның салдарынан жолдар жабылды. Солтүстік Қазақстанда 93 елді мекен жарықсыз қалған. Ал Ақмола облысында қатты жел жүк пойызының контейнерін ұшырып жіберіпті. Зардап шеккендер жоқ.


Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу