Оралда ұлттық нақышта тәттілер жасайтын шебер тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда ұлттық нақышта тәттілер жасайтын шебер тұрады

11.12.2023

Оралда шоколадтан ұлттық нақышта тәттілер жасайтын шебер тұрады. Ол бизнес жоба қорғап, мемлекеттен 5 млн теңге қайтарымсыз грант жеңіп алды.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Шағын ғана шоколад студиясында ұлттық нақыштағы тәттілер өндіріледі. Мәселен, менің қолымда қобыз, торсық, асықтар және жент қосылған өнімдер де бар. Ең қызығы, мына домбыра қорабының сыртындағы QR-кодты телефон арқылы сканерлегенде, белгілі күйшілердің күйлері ойнайды.

Бірінен-бірі өтіп, көздің жауын алатын бұл кереметтердің авторы - шебер Шолпан Құспаева. Негізі филология магистрі. Бірақ отбасылық жағдайымен осы кәсіпке бет бұрған.

Шолпан Құспаева, кәсіпкер:

Сынақ деп айтқым келмейді. Біздің отбасымызда ерекше бала дүниеге келді. Өзімнің оқытушылық жұмысымның бәрін қойып, өмірімнің бәрін сол балаға арнадым. Бірақ мен ешнәрсеге өкінбеймін, себебі менің мына жасап жатқан дүнием адамдарға ерекше сезім сыйлайды.

Шебер кәсібін екі жыл бұрын мұз кәмпит құюдан бастаған. Кейін оқып, ізденіп, өзге де тәтті өнімдерді жасауды қолға алды. Шикізат - яғни италиялық какао бұршағының ұнтақталуы, жайылуы, демін алып, салқындауы - бүкіл әдіс-тәсілі сақталады. Кейін шоколадқа құрт, жент, жаңғақ, кептірілген не балғын жеміс-жидек қосылып, түрлі пішінде дайын өнім туады.

Әлия Ахмулдина, қала тұрғыны:

Қораптағы шоколадтарға қарағанда өте дәмді, ерекше, қолдан жасалғасын ба. Кейбір шоколадтардың ішіне шай қосылғандары бар, каркаде, малина, жемістер араласқандары бар.

Кондитер мемлекеттен қолдау алып, 5 млн теңге қайтарымсыз грант жеңіп алды. Өңірде 58 мың кәсіпкер бар болса, биыл Шолпан секілді 25 адам грант алып, кәсібін кеңейткен.

Мейрам Қабдығалиев, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:

Ұлттық жоба аясында 2023 жылы мемлекеттік қолдау шараларына облысқа 2 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға - 1,6 млрд, кепілдеме беруге - 162 млн және мемлекеттік грант беруге 137 млн теңге бөлінді.

Шолпанның шағын бизнесі отбасылық кәсіпке айналған. Қасында қыздары бар. Енді қайтарымсыз қаржыға істі автоматтандыруға бел буған. Ұлттық нақыштағы тәтті өнімдерді шетелге де алып кетіп жатыр.

Ардақ Мұратқызы


Батыс Қазақстан облысы Орал

Хабарламаларға жазылу