Әлем электромобильдерге көшіп жатыр
Әлем электромобильдерге көшіп жатыр. Бұл машиналар, тіпті мұнай ғасырының аяқталуын жеделдетеді деген болжам айтылып отыр. Ал осы онжылдықтың соңында дүниежүзінде сатылған көліктердің 50 пайызға жуығы экологияға зиянсыз көліктер болуы мүмкін. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Дубайда өтіп жатқан климаттық саммитте әлемнің қазба отынға тәуелділігіне қатысты алаңдаушылық көп айтылды. Бірақ қазір дүниежүзінде электромобильдер сатылымы күшейіп келеді.
Бұл үрдіс тіпті мұнай ғасырының аяқталуын тездетеді деген болжам бар. Халықаралық энергия агенттігінің есебінше, «қара алтынды» тұтыну шарықтау шегіне 2030 жылы жетіп, әрі қарай төмендей бастайды. Себебі экологиялық таза энергия мен көлікке сұраныс үздіксіз артып келеді.
Фатих Бирол, халықаралық энергия агенттігінің басшысы:
2015 жылы, яғни, осыдан сегіз жыл бұрын, күн энергиясы көптеген адамдар үшін романтикалық оқиға еді. Қазір ол - негізгі бизнес. Биыл әлемде орнатылған барлық электр станцияларының 60 пайыздан астамы - күн батареялары. Сонымен қатар, электромобильдер нарығында да үлкен өсім бар.
Аталған агенттіктің болжамынша, осы онжылдықтың соңында дүниежүзінде сатылған көліктердің 50 пайызға жуығы электромобильдер болмақ. Олар қазірдің өзінде Қытай нарығының төрттен біріне ие болып отыр. Бұл мемлекет мұндай нәтижеге улы түтін таратпайтын автомобиль өнеркәсібіне мол субсидия бөлу арқылы қол жеткізген. Және де Қытай электромобильдерге қажетті бөлшектердің көбін өзі шығарады.
Лю Динсен, Tesla China оқыту және дамыту орталығының менеджері:
Бұған жеткізу тізбегіміздің арқасында қол жеткіздік. Бөлшектердің 95 пайыздан астамы – өз жерімізден. Бізде 400-ден астам тамаша жеткізуші бар. Бұл бүкіл өндіріс процесінде шығындарды азайтуға көмектесіп отыр.
Дегенмен, АҚШ-тың «Дженерал Моторс», «Форд» тәрізді әйгілі концерндері электромобиль өндірісін күшейту жоспарын не доғарған, не кейінге қалдырған. Себебі жұмыс күшіне жұмсалатын шығындар мұндай көліктерді халық үшін қымбатқа түсіріп отыр.
Бірақ электромобильдердің аккумуляторлары арзандап барады. Сондықтан бұл машиналардың бағасы келешекте бәрібір төмендейді деген оптимистік болжам бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
