Бүгін депутаттар суды үнемдемейтін тұрғындарды қатаң жазалауды ұсынды. Себебі, ысырап болып жатқан тіршілік нәрінің қорын сақтамасақ, алдағы 17 жылда еліміздегі әрбір екінші қазақстандық таза ауыз сусыз қалуы мүмкін. Осылай деп дабыл қаққан төменгі палата өкілдері судың сұрауын жоқтайтын арнайы комиссия құру керек деп отыр.
Депутаттар суды үнемдеуді қазірден бастау керектігін айтып, талапқа бағынбағандарды қатаң жазалау керек дейді. Себебін Үкіметтің су тапшылығын шешу жұмыстары өте баяу деп түсіндірді. Мәселен, елімізде 228 гидротехникалық нысан жекенің меншігіне өтіп кеткен. Ал 22-сінің тіпті иесі жоқ. Сорақысы сол - осы тасада қалған су қоймалары бақылаусыз қалған. Сонымен қатар, 3 жарым мыңдай каналдың жартысынан көбі әбден тозған. Салдарынан көл-көсір табиғи ресурстың 60%-ы жерге сіңіп жатыр. Ысырапты тоқтатпасақ, 2040 –ыншы жылға қарай, тұтынуға жататын тіршілік нәрінің тең жартысынан айырыламыз деді.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мемлекеттік жер кадастрі базасында тіпті табиғи жолмен қалыптасқан көлдер жер телімі ретінде беріліп кеткен. Қожайындары көлдерді қоршап, халықтың наразылығын тудыруда. Бұл жағдай, кемінде 5-6 облыста кездесетін жай.Сондықтан еліміздегі осындай нысандарға толықтай түгендеме жасап, жай-күйін нақтылау, қажет болса, оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару – кезек күттірмес іс.
Қазақстан көршілес мемлекеттердің суына 90 пайызға тәуелді. Айналасы 7 жылда іргелес өзендердің ағыны 11% - ға азаяды деген болжам бар. Үнемдеу жоқ. Қайта пайдалану кемшін. Кесірінен жекелеген атыраптар көктемде көлге, жазда шөлге айналады.
Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біз тіпті беті -қолымызды жуғанда да суды үнемдемейміз. Орташа есеппен дәл менің қолымдағыдай 100 бөтелке суды текке ағызып жібереміз. Көлікті де ауыз сумен жуамыз. Бір ғана Маңғыстаудың өзіне күн сайын 50 мың текше метр су жетіспейді. Бұл ретте су кодексінің жобасына мәселені шешетін нақты тетіктерді енгізу керек.
Бөгеттерден де қауіп көп. Басым бөлігі тозып тұр. Салынғанына 30-40 жылдан асқан. Президент арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды.
Вера Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Су тапшылығына қатысты ушыққан мәселені шешу үшін экология бағытындағы волонтерлерді де тарту керек. Олар бізге қосымша күш болады. Сарапшы ретінде де кейбір тазалақ жұмыстарына да еріктілерді көмекке шақыруға болады.
Судың да сұрауы барын айтқан мәжіліс депутаттары арнайы комиссия құрылсын деп отыр. Сөйтіп, жекенің меншігіне өтіп кеткен су қоймаларын тексеріп, мемлекет балансына қайтару керек дейді.