Израиль мен Хамас арасында жеті күнге созылған ымыра аяқталып, соғыс қайта басталды. Қазір Израиль әуе күштері Газа секторын тағы бомбалап жатыр. Сонымен қатар ЦАХАЛ Газаның оңтүстігіне аспаннан үнпарақтар жаудырып, халықты көшуге шақырып, әскери операцияны кеңейтетінін байқатып отыр. Ал Хамас еврей мемлекетінің оңтүстігіне зымыран жаудыруды жандандырған.
Хамастың бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль әскерінің шабуылдары басталғаннан кейін бірнеше сағат өткенде-ақ 32 палестиналық қаза тапты. Тараптар ымыраны бұзды деп бір-бірін айыптап отыр.
Әлем ақпарат құралдарының хабарлауынша, қарулы қақтығысты тағы да тоқтату мақсатында Катарда күрделі келіссөздер жүріп жатыр. Айта кетсек, бұған дейінгі бітім кезінде Хамас кепілдіктен 100 адамды босатса, Израиль түрмелерінен 240 палестиналық үйлеріне қайтарылған еді.