Еліміздің батыс өңірлерінде электр желісінің қуаты екі есе артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің батыс өңірлерінде электр желісінің қуаты екі есе артты

29.11.2023

Атырау облысында жаңадан салынған бес электр беру желісі іске қосылды. Оның жалпы ұзындығы 780 шақырымға жуық, ал қуаттылығы 220 киловат. Осының арқасында енді батыстағы халық тұрақты энергия көзімен толық қамтамасыз етілмек.

Батыс өңірінде жарық өзекті мәселе болатын. Енді оң шешімін тапты. Аймақта бес қосалқы станция кеңейтіліп, 4 мыңнан астам жаңа бағана орнатылды. Осылайша еліміздің батыс аймағында электр желісінің қуаты екі есеге артты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Мұның барлығы электр желілерінің өткізу қабілетін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде еліміздің батыс өңіріндегі тұтынушылар үшін энергоблоктарда, оның ішінде МАЭК станциясында авариялық жағдайлардың саны едәуір азаятын болады.

«Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бойында орналасқан желінің құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Ол толығымен заманауи электр желісімен жабдықталды.

Бақытхан Жазықбаев, «Kegoc» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Орал подстанциясынан бастап бізге Риддерге, Атырауға дейін қосымша 100 мегаватт береді және Риддерден бастап Теңгіз, Бейнеу подстанциясына дейін қосымша 200 мегаватт береді. Соның бәрі батыс жақтағы болып жатқан авариялық жұмыстардың бәрін толығымен жабады деп есептейміз.

Бұдан бөлек, аймақта «Қарабатан» жаңа таратушы қосалқы станциясы да іске қосылды.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу