Нью-Йорк қаласында ядролық қаруға тыйым салу бойынша шартқа қатысушы елдердің екінші конференция жалғасып жатыр. Бүгінгі шараларға ядролық сынақтардан зардап шеккен Қазақстанның және Кирибати елдерінің тұрғындар да қатысты. Олардың БҰҰ-на келіп, сөз сөйлеуіне еліміздің Сыртқы істер министрлігі тікелей себеп болған.
Айгерім Елкелді алғаш рет шетелге шығып тұр. Мұхит асып, Нью- Йоркқа жеткен қазақ қызы қыдыру үшін емес, келешек ұрпақтың қамы үшін келдім дейді. БҰҰ-дағы жиынға арнайы шақырылған 35 жасар Семей тұрғыны ядролық сынақтардың зардабын тартып жүрген жанның бірі. Сегіз жыл бұрын рак ауруы диагнозы қойылған. Содан бері азапты емдеу процеруларынан өтуге мәжбүр. Әр жиырма бір күн сайын химия терапия қабылдайды. Айгерім без обыры ауруы анықталған әлеуетіндегі үшінші ұрпақ. Бұған дейін апасы мен анасы да осы дертке шалдыққан.
Айгерім Елкелді, ядролық сынақтардан зардап шегуші:
Менің мақсатым бұл жаққа келудегі ядролық жарылыстар болмаса екен деп, бізден кейінгі ұрпақтың басына осындай жағдай түспесе екен деген мақсатта келіп отырмыз.
Жалпы Қазақстандағы ядролық сынақтардың зардабын қазіргі таңда миллионнан аса адам тартып жүр. Ал уытпен ластанып, жарамсыз күйге түскен жердің көлемі он сегіз мың шаршы шақырым. Бұл Словения секілді елдің территориясымен пара-пар аумақ. Бүгінгі конференцияда Кирибати елінің өкілдері де сөз сөйлеуге мүмкіндік алды. Он екі адамнан тұратын делегацияның БҰҰ келуіне Қазақстан тікелей мұрындық болған. Себебі, тағдыры ұқсас ел. Тынық мұхиттағы арал мемлекеттің аумағында Америка мен Британия 33 рет ядролық сынақ өткізген.
Кристиан Чобану, Кирибати делегациясының мүшесі:
Бұл сынақтар қоршаған ортаға, арал тұрғындарына орасан зор зиянын тигізді. Бірақ, оның зардабы қаншалықты ауқымды екенін білмейміз. Әлі күнге ғылыми зерттеу жүргізілмеді. Сондықтан біз халықаралық қолдауға мұқтажбыз. Ғалымдар келіп кешенді зерттеу жүргізіп, мәселені көтеруге көмек берсе дейміз.
Қазақстан мен Кирибатидің Халықаралық траст қорын құруды ұсынып жүргені де осы себепті. Бұл қор ашылса, ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету мен қоршаған ортаны қалпына келтіруге байланысты жобалар қаржыландырылады. Ал ядролық қаруға тыйым салуды көздейтін ауқымды конференция желтоқсанның бірінде аяқталады.
Жалғас Сәдібекұлы