Жетісу облысында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтті

28.11.2023

Жетісу облысында өткен жылдың он айында мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасылық жанжал дерегі тіркелсе, биыл тек 4 айда 841 іс қозғалған. 120 адам қамалған. Құқықбұзушылық деректерінің артуының басты себебі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаның қатаңдатылуы. Өңірде зорлық-зомбылықсыз 16 күн акциясы аясында әкімшілік жазасын өтеп жатқан агрессорлармен арнайы кездесу ұйымдастырылуда. Қоғамдық ұйым өкілдері, аналар кеңесінің жетекшілері мен теолог, психологтар уақытша қамалған азаматтармен кездесіп, сұхбаттасып, отбасындағы ұрыс-керістің себеп-салдарын анықтады. Көп жағдайда жанжал алкогольдік ішімдіктен басталады, дейді, қамалғандар.

Бес баланың әкесі:

Жастарға айтатыным барынша қателік істемеуге тырысса деймін. Менің қателігімді істемесе екен деймін. Сол ашы судың кесірінен. Бала-шағаның берекесін алып. Өткен іске өкінемін. Ешқандай пайдасы жоқ дауласқаннан.

Мамандар мұнда жазасын өтеп жатқан азаматтармен пікір алмасып, жанжалға жол бермеудің, қылмыстың алдын алудың жолдарын қарастырды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң күшейтілгенге дейін ерлі-зайыптылар бір-бірімен татуласып, екінші тарап кешірім беріп, көп жағдайда азаматтар қамауға алу жазасынан құтылып кететін. Және қайтадан дәл сондай құқықбұзушылық жасауға баратын. Ал қазір жаза қатаң. Сот жанжал шығарған адамға бірден үкім шығарып, қамауға алынады.

Қайсар Мұхметов, Жетісу облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

Бір рет қана сотқа барып бұлар бірін-бірі кешіріп, татуласып қайтарылады. Екінші рет ешқандай кешірім болмайды. Соттың шешімімен 10 тәулік, 15 тәулік, 25 тәулікке дейін солай сот шешімімен кете береді.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу