Минсктегі саммит: ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында не талқыланды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Минсктегі саммит: ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында не талқыланды?

26.11.2023

Жайма-шуақ ауа райы әп-сәтте өзгеріп, дәл саммит күні Минскте қар жауып, ақтүтек боран соқты. Жаһандағы саяси жағдай да құбылмалы күн райындай күн сайын өзгеріп тұр.

Даладағы күн райы суытқанымен, талқылайтын мәселелер температурасы жоғары. Қонақтарды қарсы алған Александр Лукашенко бірден ұйым ішіндегі мәселелерге тоқталды.

Александр Лукашенко, Беларусь республикасының президенті:

Біз бүгін Кавказдағы жағдайды, дәлірек айтқанда ұйым мүшесінің кейбір наразылығын талқылағанымызды жасырмаймыз. Проблемалық сұрақтар әрдайым болған. Оны шешуді қаласақ, онда келіссөз үстеліне отыру керек. Себепсіз демарш жасаудың қажеті жоқ. Біздің ойымызша Санкт-Петербургте өтетін экономикалық жиынға бәріміз жиналамыз.

Ұйым 1992 жылы құрылған. Одақ тарап, мемлекеттер жеке әскер құрып үлгермеген уақыт. Алайда Талибан мен өзге де ұйымдар Орталық Азияның тыныштығына қауіп төндірген еді. Сол сәтте біраз ел ұжымдық шартқа арқа сүйеді. Ал бүгінде оның төңірегінде алып-қашпа әңгімелер аз емес. Дегенмен, ұйым алдында маңызды міндеттер көп. Әсіресе, терроризм, заңсыз қару-жарақ саудасы, есірткі мен киберқауіпсіздік мәселесінде күш біріктіру қажет. Дегенмен, асыра сілтеп, сырттан артық жау іздеудің де қажеті жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев бұны үстел басындағыларға ашық ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай. Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады. Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді. Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Иә, ұйымның негізгі міндеті өзара әскери ынтымақтастық орнатып, қауіпті бірлесе еңсеру. ТМД елдері соңғы жылдары күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Әзербайжан-Армения, қырғыз-тәжік қақтығыстары көпшілікті алаңдатты. Ал Ресей мен Украина арасындағы кикілжің әлі де басылар емес.

Бұл ретте альянс өз ішіне бүркелмей ірі ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқаны жөн дейді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біріккен Ұлттар Ұйымымен және оның құрылымдарымен арада қалыптасқан ықпалдастық деңгейін сақтауға баса мән беруді ұсынамыз. Бұл жұмыс 2010 жылдың 18 наурызында ҰҚШҰ мен БҰҰ хатшылықтары арасында қол қойылған Ынтымақтастық туралы бірлескен декларация негізінде жүргізіледі. ТМД мен ШЫҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді құптаймыз. «ҰҚШҰ-ның ТМД-мен және ШЫҰ-мен ынтымақтастығын нығайту жөніндегі практикалық шаралар» атты құжатта оның нақты қадамдары айқындалған.

Айдар Құрмашев, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:

Қазақстанның тек осы Ұжымдық қауіпсіздік ұйымындағы ғана емес, сонымен қатар ШЫҰ, Түркі мемлекеттер ұйымындағы төрағалығын өтіп жатыр деп айтуға болады. Сондықтан да Қазақстанның мұндағы жауапкершілігі тек аймақтағы ғана емес сонымен қатар бүкіл азиядағы қауіпсіздік бойынша жауапкершілігі өсіп отыр деп айтуға болады.

Аймақтық ұйымның жиынында әлемдік мәселелер де сөз болды. Таяу шығыстағы текетіреске қазір төрткүл дүние назар тігіп отыр. Соғыс өрті бүкіл әлемді шарпып кетуі мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт жолға үндеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Таяу Шығыстағы қақтығыс, шын мәнінде, жаһандық ауқымдағы ақпараттық-идеологиялық текетіресті әбден ширықтырып жіберді. Газа секторы төңірегінде болып жатқан оқиғалар әлемдік қоғамдастықты екіге жарды. Соғыс өрті барлық ел мен континентті шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн. Бұған қоса, БҰҰ аясында палестиналықтарға «Екі халық үшін екі мемлекет» формуласына сай толыққанды мемлекет құру құқығын берген жөн.

Ауғанстандағы ахуал да алаңдатады. Себебі бұл ел әлемдегі ең ірі апиын өндіруші. Қырық жыл соғыстан көз ашпады. Тоқаев әріптестерін шет қалмай, осы елге көмек қолын созуға шақырды. Ұжымдық күштердің әлеуетін арттыру да күн тәртібінде. Жедел әрекет етуге қажетті құжаттар әлі күнге реттелмеген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл контингенттің кедергісіз әрі еш жерге аялдамай қозғалуына, әскери авиацияның ұшуына және тағы да басқа аспектілерге қатысты. Сонымен қатар әскери кадрларды даярлау жүйесін және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери-ғылыми қуатын дамытуды жалғастырған жөн. Ұйымның бітімгершілік әлеуетін арттыруға айрықша мән беру ұсынылады.

Игорь Чибисов, әскери сарапшы:

Қазір ұйым ішінде бірнеше өзекті мәселе бар. Әскерлерді заманауи, жаңа қару-жарақпен қамтамасыз ету қажет. Күштік құрылымдарды оқиға орнына жедел жеткізу үшін бірлескен әуе күштерін де құру керек деп ойлаймын. Әскери өндіріс саласында да тәжірибе алмасып, бірлесе әрекет еткенжөн болады.

Минсктегі мәміле қорытындысы бойынша 15 құжатқа қол қойылды. Тараптар ортақ қауіпсіздік бойынша бірігіп іс қылуға уағдаласты. Ал келер жылы ұйымға Қазақстан төрағалық етеді. Маңызды мәселелердің шешімін тауып, тараптарды табыстыру тағы да біздің елдің құзырында.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу