Тозып тұрған Жезқазғандағы 2 жылу қазандығы қаражаттың жетпеуінен жөндеусіз қалды. Ал Ұлытаудан Қызылордаға апаратын автомагистральді жаңалауға 50 млрд теңге бөлінетін болады. Бүгін Ұлытау өңірінің әкімі Берік Әбдіғалиұлы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Құрылғанына бір жылдан асқан жаңа облыста қандай жұмыстар атқарылады?
Жандос Темірғали, тілші:
Ұлытаудың әкімі әңгіменің әлқиссасын өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуынан бастады. Облыстық бюджет 28 пайызға өсіп, 144,5 млрд теңге болғанын айтты. Бұл көрсеткіш келер жылы тағы 2 млрдқа артпақ. Қазына қаржысына қарап тұрған түйіткілді шаруа көп. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту – өңірдің ең өзекті проблемасы. Қазір жұрт сапасыз тіршілік нәрін тұтынуға мәжбүр. Биыл ұзындығы 117 км-ді құрайтын 10 миллиард теңгеге 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру басталды.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
3 см-ге дейін тот басқан. Шіріп жатыр құбырлар. Әрине, ол жерден берілген ауыз судың жеткенше иісі шығады, түсі өзгереді. Біз әр жерде, әсіресе магистраль құбырларды ауыстырып жатырмыз. Үйтастан тартып жатырмыз және суды тазалауды өзгертіп жатырмыз. Кеңгірдің су қоймасын балансқа алып, болашақта санация жасап, мұның бәрі таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қызылорда – Жезқазған жолын жөндеуге келер жылы 50 млрд теңге бөлінеді
Қаржы тапшылығынан жөндеуі кейінге қалған Жезқазғандағы екі жылу қазандығы келер жылы жаңғыртылады. Бұған Қазақмыс Энерджи компаниясы 11 млрд 700 млн теңге бөлмек. Облыс әкімі бұл жұмыстардың жылыту маусымына кедергісі жоқ деп сендірді. Аймақ басшысы жағдайы нашар күре жолдарға да тоқталды. Мәселен, Ұлытаудан Қызылордаға апаратын автомагистральдің құрылысы үшін қазір Үкімет Азия даму банкімен бірлесіп, жоба құнын 145 млрд теңгеге дейін арттырды. Қуаттылығы жылына 20 млн дана кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды. Жаңадан 5 тұрғын үй салынды, Президенттің тапсырмасын орындау үшін Үйтас-Айдос жер асты су құбырын қайта жаңарту жалғасуда.