Әскери резервтегі адамның жұмыс орны мен айлығы сақталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери резервтегі адамның жұмыс орны мен айлығы сақталады

17.11.2023

2025 жылдан бастап әскерге барсаңыз айына 70 мың теңге жалақы алып отырасыз. Бірақ бұл Қарулы күштер қатарына тек қана әскери резерв арқылы қабалданатын сарбаздар үшін. Алайда, тәртіп сақтамай, келісімшарт бұзылса заң алдында жауап бересіз.

Ерікті түрде ел тыныштығын күзеткісі келетіндерге арналған заң пилоттық жоба. Бұны мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи айтты. 2025 жылы сапқа қосылатын 2000 сарбаз, әскерді бірден толтырып тастамайтыны белгілі. Сондықтан, алдағы уақытта әскери қызметтің жаңа түріне бюджеттен тұрақты түрде қаржы бөлу қарастырылған.

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Осы заң негізінде қарулы күштердің Қорғаныс министрлігінің бюджетіне қосымша 3,5 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл тек қана әскердегі резервке қатысты. Ол енді жаңағы жалақысы, басқа да киім-кешегі, анау-мынау деген сияқты өздерінің қажетіне жұмсалатын дүниелер.

Сарапшылар әскери резерв құру мәселесі геосаяси жағдай мен әлемдегі тұрақсыздықтан туындап отырғанын жасырмайды. Екіншіден, еліміздегі қорғанысқа қатысты құжаттарда «РЕЗЕРВ» деген ұғымы әуелден бар, дейді.

Амангелді Құрметұлы, әскери сарапшы:

Қазақстанның қорғанысқа қатысты құжаттарының ішінде «РЕЗЕРВ» деген ұғым бар екенін ескеру керек. «Аумақтық қорғаныс» деген де ұғым бар. Бірақ кезінде бұл ұғымдарды жетілдіру, бұны арнайы заң арқылы елдің қорғаныс қаупсіздігін нығайтатын тетікке айналдыру назардан тыс қалған дүние. Сондықтан, әлбетте бірінші кезекте, резервтік күштерді жасақтау мәселесі осындай бұрыннан бар тетіктерді жетілдіруге бағытталады.

Әскери резервтегі адамның жұмыс орны мен айлығы сақталады. Жауынгерлік жиындар кезінде орташа жалақы төлеу мәселесі де жоспарланған. Ал запастағы әскеримен 3 жылға ерікті келісімшарт жасалады. Даярлық не бары 30 күн болады. Қалғаны ай сайынғы сабақ.

Резервшілерге денсаулығы мен жас айырмашылығына байланысты шектеулер бар. Мысалы офицерлер үшін – 60 жасқа дейін. Ал сержанттар мен сарбаздарға 18-ден 50 жасқа дейінгі аралық қарастырылған. Резервшілерге қару-жарақ, жауынгерлік техника беріледі. Олар тек өз облысының аумағында ғана қызмет етеді.

Айтпақшы, қарулы күштер тарапынан қажеттілік болса, әйелдер де әскери резервке қабылданатын болды.

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әйел адамның өзінің еркі болатын болса, әрине бара алады. Өйткені, байланыс саласына, дәрігерлік қызметке, қаржы, бухгалтериялық штабтық жұмыстарға тарту жағынан, ондай мүмкіндіктер бар. Ең бастысы өзінің ерік-жігері болу керек.

Депутаттар бірінші оқылымда-ақ мақұлдаған заң қысқа мерзімде жауангерлік әзірлікті пысықсауға негізделген. Жалақысы төлетін әскери қызметтің жаңа түрі бүгінде біраз азаматтың қызығушылығын тудырып отыр.

Тәуірбек Бозекен


Хабарламаларға жазылу