Басты Жаңалықтар ТМД елдерімен мәдени байланыс артып келеді

ТМД елдерімен мәдени байланыс артып келеді

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» ТМД елдерінің ғылыми және мәдени мекемелерімен тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Қорық мамандарының айтуынша, көне Сарайшық қаласының тарихын жан-жақты зерттеу үшін шетел архивтері мен музейлеріндегі деректердің маңызы зор. Әсіресе Ресей империясы тұсында жүргізілген ғылыми экспедициялар мен зерттеулердің материалдары бүгінде Ресей архивтері мен музей қорларында сақтаулы. Сондай-ақ Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан Республикасының ғылыми орталықтарында Алтын Орда дәуіріне қатысты құнды деректер кездеседі. Сондықтан қазір қорық мамандары шетелдік әріптестермен бірлесіп архивтік құжаттарды іздестіру, ғылыми материалдармен алмасу және ортақ зерттеулер жүргізу бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, халықаралық ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер мен экспедициялар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Мамандардың пікірінше, мұндай мәдени-гуманитарлық байланыстар тарихи мұраны тереңірек зерттеуге, жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізуге және халықтар арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Әбілсейіт Мұқтар, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры, т.ғ.д., профессор:

Мәселен, Мәскеудегі археология институтымен, Қазандағы тарих институтымен, археология институттарымен қол қойдық өзара бірлескен. Олардың ғалымдары бізге келіп жүр. Ал біздің ғалымдарымыз олардың жазғы лагеріне барып, археологиялық жұмыстарына қатысып жатыр. Былтыр ғана «Сарайшық» музей-қорығының 3 археологы Сарай-Батудан өткен археологиялық қазбаға қатысып, Ресейдің белді археологы, «Алтын орда» маманы Евгений Пегуровпен жұмыс жасады.
Бөлісу