Бельгияда «Қазақстан-Еуропалық Одақ» бизнес форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда «Қазақстан-Еуропалық Одақ» бизнес форумы өтті

16.11.2023

Қазақстан мен Еуропалық Одақ сирек кездесетін жер элементтерін өндіріп, осы салада ынтымақты күшейтпек. Брюссельде өткен «Қазақстан мен ЕуроОдақтың стратегиялық ынтымақтастығы» атты бизнес форумда қос тарап өкілдері екі келісімге қол қойды. Еуропалық комиссияның «Шикізат апталығы» аясында ұйымдастырылған басқосуға еліміздің өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев та қатысты.

Көмірсутектен бас тартып, жасыл энергияны дамытуды көздеген Еуропа елдері сирек кездесетін металл кеніне зәру. Оларға қажетті 34 металдың 18-і қазір Қазақстанда өндіріледі. Қазақ жеріндегі аса маңызды шикізат материалдарын өндіру, өңдеуге Еуропалықтар құлшынып отыр. Бизнес форумда нидерландтық компания «Жезқазғанредмет» кәсіпорнымен технологиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Біздің сирек металдар зауыты әлемде осмий мен рений өндіруден жетекші орынға ие. Бұл екі аса маңызды элемент жоғары температураға шыдас беретін қорытпалар, ұшақтардың турбиналарын жасауға пайдаланылады. Яғни, қазір жүзеге асыратын жоба осы кәсіпорынның қайтара өңдеу және металл өндіру өнімділігін арттырады. Олар шығарған металдар ұшақ двигателін жасауға қолданылатын болады.

Марош Шефчович, Еуропалық комиссияның атқарушы вице-президенті:

Біз үкіметтік және бизнес деңгейінде ынтымақты арттыруымыз керек. Қазақстанға осы жерде павильон ашып, көптеген мықты компанияларды әкелгеніне алғысымды білдіремін. Біз Қазақстанда қазіргіден де мықты инвестор болып, индустриямызды жасыл етіп, екі жақтың экономикасын модернизациялаймыз деген үміттемін.

Геологиялық зерттеу жүргізуден әлем көшбасшыларының бірі Xcalibur да Қазақстанға инвестиция құюға ниетті. Испандық компания форумда «Ұлттық геологиялық қызмет»АҚ ынтымақтастық меморандумын бекітті.

Андрес Бланко, «Xcalibur multiphysics» компаниясының бас директоры:

Осы келісім аясында біз табиғи ресурстардың әлеуетін анықтап, елдеріңіздің экономикалық дамуын ілгерілеткіміз келеді. Жер асты, жер үстіндегі табиғи ресурстарды барлауда біз соңғы үлгідегі технологияны қолданамыз.

Бизнес форум аясында еліміздің өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Еуропалық комиссия басшыларымен төмен көміртекті энергетикаға көшуге қажетті аса маңызды шикізат материалдары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады. Қос тарап кәсіпкерлері B2B кездесулер өткізіп, әріптестікті нығайтуға уағдаласты.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу