Қызылорда облысында қызылша жұқтырғандар күрт көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында қызылша жұқтырғандар күрт көбейді

13.11.2023

Қызылорда облысында да қызылша індеті күрт көбейді. Бүгінде инфекциялық ауруханаға тәулігіне 30-ға дейін науқас түсіп жатыр. Дертті жұқтырғандардың 90 пайызы - балалар. Емдеу мекемесінде орын тапшы.

Облыстық жұқпалы аурулар аураханасының қабылдау бөлімі. Бұған дейін мына әрбір есікке түрлі жағдайдағы науқастар қаралатын. Ал қазір барлығы тек қызылша жұқтырғандарды қабылдап жатыр. Жылдам таралатын індеттен өзге, науқастарды оқшаулау мақсатында ем алушылардың бір бөлігі басқа ғимаратқа көшірілді. Мұнда қазір 200-ге жуық қызылша жұқтырған науқас жатыр. Соның ішінде дерті дендеген бір адам жансақтау бөліміне түскен. Эпидемиологиялық ахуал күннен күнге күрделеніп, дәрігерлерді де алаңдатып отыр.

Айна Мұхамбетова, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:

Бір күнде 36-40-45-ке дейін науқас осы қызылшамен көрінеді. Оның ішінде амбулаторлық деңгейде қайтаратынымыз бар. Сонда 25-30 науқасқа дейін бір күнде түседі. Көрсеткіш жоғары.
Облыста қызылша індеті алғаш мамыр айында тіркелген. Содан бері жұқпалы ауру 900-ге жуық адамнан анықталып отыр. Қараша айы басталғалы 150 науқас ауруханаға түсті. Кішкентайларда дене қызуы көтеріліп, бөртпе төгілсе, үлкендерде дерт ауыр жағдайда өтуде. Өкініштісі, қызылшамен ауырғандардың 90 пайыздан астамы – жұқпалы ауруға қарсы екпе алмағандар.

Айман Жанахаева, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

Қызылша ауруының таралуын алдын алу мақсатында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 7-қаулысына сәйкес 6 айлық пен 11 айға дейінгі балаларды егу жұмыстары 6 қарашадан басталды. Сондықтан уақытты оздырмай, балаларыңыздың өмірін қатерге тікпей, осы екпе алуға барша тұрғындарды шақырамыз.
Індетті тоқтатудың бірден-бір жолы – вакцина алу, дейді мамандар. Желтоқсан айынан бастап балалар ғана емес, ересектер мен медицина қызметкерлері де қызылшаға қарсы екпе алатын болады. Әзірге өңірде қызылшаның таралуы бойынша эпиджағдай тұрақсыз.


Ә.Серікұлы

Хабарламаларға жазылу