Үндістанда шамдар мерекесінен кейін ауа сапасы күрт нашарлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үндістанда шамдар мерекесінен кейін ауа сапасы күрт нашарлады

13.11.2023

Үндістан астанасында кешегі шамдар мекесінен кейін түтін тіпті қоюлана түсті. Жергілікті халық, тіпті таңертең тұрғанда да таза ауаға зәру. Билік болса, экологиялық жағдайды жақсарту үшін алдағы аптада жауынды қолдан жаудырудан үмітті. 

Шьям және Рам Гупталар 54 жаста. Бір-бірінен айнымайтын егіздер. Олар марафон десе, ішкен асын жерге қоятын жандар. Әдетте ауаның сапасы 50 индексті көрсетсе, бұл қалыпты жағдай саналады. Ал халқының саны 20 миллионға жеткен Нью-Делиде ол индекс 500-ден асып кеткен. Яғни, Үндістан астанасының ауасы адам денсаулығына он есе зиян деген сөз. Соған қарамастан, егіздер организмдерін улы түтіннен сақтайтын тәсіл тауып, жүгіруді жалғастырып жатыр.

Шьям Гупта, марафоншы:

Біз сақтық шараларынан бас тартқан жоқпыз. Ыстық су ішеміз, құрма жейміз және мүмкіндігінше жиі маска тағуға тырысамыз. Бір жағынан бұл жағдайға үйреніп қалдық, күнде жүгіреміз. Өйткені марафон біз үшін қажеттілік қой.
Рам Гупта, марафоншы:

Спорт – өміріміздің ажырамас бөлігі. Соның ішінде жүгіруді таңдадық. Қазір марафонды жалғастыруға кетіп барамыз.
Өткен тәулікте Үндістанның бірнеше қаласы ауасының ластануы бойынша әлемнің бірінші ондығына кірді. Оларда экологиялық ахуалдың мұнша нашарлауына үнділердің «Дивали» фестивалі де үлкен үлес қосты. Сол мейрам кезінде жылдағы дәстүр бойынша 2,2 миллион майшам жағылып, фейерверк атылып, шамдар саны әлемдік рекордты жаңартып отыр.

Пуунам Мехта, Мумбай тұрғыны:

Ауаның ластанғаны сонша, тіпті бір жерден екінші жерге бару қиындап кетті. Таңертең далаға шыққанда да таза ауа жұта алмаймыз.
Үндістанда сабан өртеуден, құрылыс алаңдарынан, көлік қозғалысынан көтерілген түтін мен шаң-тозаң сейілмей тұр. Өйткені оны айдап әкетететін жел күн суытқалы әлсіреді. Жергілікті билік болса, ауаның сапасын жақсарту үшін қарашаның 20-на қарай бұлтқа күміс йоды қосылған тұз шашып, жауынды жасанды жолмен жаудырудан үмітті.

Хабарламаларға жазылу