Израиль-Хамас қақтығысында 4 мыңнан астам бала көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израиль-Хамас қақтығысында 4 мыңнан астам бала көз жұмды

12.11.2023

Сан-Франциско қаласында Азия-Тынық мұхит аймағы экономикалық бірлестігінің саммиті өтіп жатыр. Бұл шарада Джо Байден мен Си Цзиньпин арасындағы кездесу болуға тиіс. Осы кездесу Израиль-Хамас қақтығысын тұрақтандыруға әсер етер ме екен? Сарапшы Нұрбек Матжани баяндайды.

15 қарашада Джо Байден мен Си Цзиньпин кездеседі. Әрине, екі лидер арасында Таяу Шығыстағы соғыс талқылануы мүмкін, бірақ басты тақырып АҚШ-Қытай арасындағы экономикалық мәселелер болады деп ойлаймын.

Ал Израиль-Хамас конфликтісін шешуге бағытталған іс-шаралар өтіп жатыр. Ол туралы сәлден соң.

Таяу Шығыстағы текетірес екінші айға аяқ басты. Қаза болған Палестина азаматтарының саны 11 мыңға жетті, ал 27 мың тұрғын жарақат алған. Оның ішінде балалар мен әйелдер саны көп. Бұл - соңғы 4 жылдағы әлемдегі қақтығыстар мен соғыс салдарынан қаза болған балалардың ең үлкен көрсеткіші. Қазірдің өзінде Израиль-Хамас қақтығысында 4 мыңнан астам бала шейіт болған.

Осы аптада Израиль әскері Газадағы бірнеше ауруханаға шабуыл жасады. Кейбір госпитальдар үздіксіз атқыланып, қоршауға алынған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Газа аймағындағы 20 госпиталь істен шыққан. Халықаралық Қызыл Крест Комитеті балалар ауруханаларына жасалған шабуылды зұлымдық деп атады.

Ал дипломаттар дамыл табар емес. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен осы аптада тағы да Израильге келіп, келісөздер жүргізді. Нәтижесінде Газа аймағында күніне 4 сағаттық үзіліске қол жеткізілді. Мемлекеттік хатшы Таяу Шығыс елдеріне де барған.

Сондай-ақ АҚШ Орталық барлау қызметінің басшысы Қатарда Израиль барлау қызметінің жетекшісімен кездесті. Мақсаты – кепілге алынған Израиль азаматтарын азат ету жолын іздестіру. Кездесу үшін Қатардың таңдалуы бекер емес, себебі Дохада Хамастың өкілдігі орналасқан.

Ал бейсенбі күні Парижде 50 елдің басын қосқан Газадағы жағдайға байланысты халықаралық конференция өтті. Шараны ашқан Франция президенті Макрон Израильдің Газа тұрғындарын аймақтың оңтүстігіне ығыстыруына наразылығын білдірді. Еуропадағы ең көп мұсылман және еврей тұрғыны бар Франция үшін – Израиль-Хамас конфликті елдің ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Макрон конференцияда Палестинаға 100 миллион еуро көлемінде гуманитарлық көмек бөлінетінін мәлімдеді.

Сондай-ақ Сауд Араб Корольдігінің ұйымдастыруымен бүгін Араб елдері лигасы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының төтенше саммиті өтті. Бұл шараға Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысты. Министр саммиттегі сөзінде Қазақстан Палестинаның егемен мемлекет құруын құптайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ екі тарапты және әлемдегі барша қақтығыс акторларын келісімге келтіруге шақырды.

Осыған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Израиль тарабымен байланысқа шығып, Қазақстан азаматтарын Газа аймағынан шығаруға көмектесуін сұраған болатын. Жауап ретінде израильдіктер бұл іске бар мүмкіндігін салатынын мәлімдеді.

Үнді-Қытай аймағында орналасқан Мьянма мемлекетінде тағы да этникалық қақтығыс. Өткен аптада басталған билік үшін талас өршіп барады. Мьянмада саяси амбициясын білдіріп жатқан үш қарулы топ бар. Олар “Бауырластар бірлестігі” деген атаумен бірігіп, қазіргі Үкіметке қарсы қарулы қақтығыс бастады. Соңғы жаңалықтарға сүйенсек, бірлестік ел әскерін ығыстырып келеді.

Бұл жерде мән беретін деталь: қазіргі билік те 2021 жылы әскери төңкеріс жасап, Үкімет басына келген еді. Енді көп ұзамай оларға да қауіп төнетін түрі бар. Сарапшылардың пікірінше, бұл көтерілістің қарқыны қатты және қазірдің өзінде елдің солтүстігіндегі бірнеше маңызды қаланы басып алған.

Мьянма президентінің мұндай мәлімдемесінен кейін Қытай сыртқы істер министрлігі екі тарапты бітімге шақырды. Сондай-ақ Бейжің Мьянма-Қытай шекарасындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететінін хабарлады. Мьянмадағы жағдайға Бейжің алаңдауына себеп жоқ емес. Өйткені оңтүстік-батысында орналасқан Мьянманың энергетикалық саласына қомақты инвестиция құйып жатыр.

Бұл қақтығыс елдің солтүстігіндегі тұрғындарды да қиын жағдайға қалдырды. БҰҰ-ның дерегі бойынша, қазір Мьянмада 90 мың адам үй-жайсыз қалған. Қираған инфрақұрылым азаматтарға гуманитарлық көмек көрсетуге кедергі келтіріп отыр.

Осы аптада Испания үкіметі мен Каталония сепаратистері арасындағы келісім халықтың наразылығын тудырды. 7 мың адам қатысқан шеру тәртіпсіздікке ұласып, полиция күш қолдануға мәжбүр болған.

Сонымен халықтың ашу-ызасын тудырған келісімнің мәні неде? Бұл құжат арқылы Испания үкіметі Каталония сепаратистеріне амнистия жасап, олардың саяси қолдауын алуды көздеп отыр. Амнистия 2012 жылдан бергі Каталонияның тәуелсіздік жолындағы күресінің барлық кезеңін қамтымақ.

Еске сала өтейік, 2017 жылы Каталония Испаниядан бөліну туралы референдум өткізген еді. Ол елдегі конституциялық дағдарысқа әкеліп, сот шешімімен заңсыз деп танылды. Қозғалыстың 9 жетекшісі қамауға алынды. Каталония президенті елден қашып, Бельгияда бой сағалауға мәжбүр болды. Енді жаңа келісімге сәйкес, оған рақымшылық жасалып, қамаудағы бір жарым мыңға жуық каталониялық сепаратистер бостандыққа шығуы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, шілде айындағы мезгілден тыс сайлаудан кейін Испания премьер-министрінің позициясы біршама әлсіреген. Енді оған өз постын сақтап қалу үшін парламенттің қолдауы аса қажет. Премьер-министр жаңа үкіметті 27 қарашаға дейін жасақтай алады. Өйтпеген жағдайда парламент таратылып, қаңтарда жаңа сайлау өтеді.

Нұрбек Матжани

Хабарламаларға жазылу