Костенко шахтасындағы апаттан қаза тапқан 46 кеншінің отбасына жан-жақты көмек беріле бастады. Олардың отбасына кеншінің 10 жылдық жалақысы төленді. Компания жалпы ауданын бөлгенде әр отбасы мүшесіне 18 шаршы метрден келетін баспаналар береді. Сондай-ақ, жұбайы, ата-анасы мен балаларының атындағы несиелері жабылады. Асыраушысыз қалды деп танылған 20 шаңыраққа мемлекеттік әлеуметтік төлем тағайындалған. Ал осы қараша айынан бастап 23 жасқа дейінгі балаларының оқуын сақтандыру есебінен төлеу басталады. Апат кезінде зардап шеккен 27 кеншінің 10-ы ауруханада жатыр. Олар сауығып келеді. Қазір Қарағандыдағы 4 шахта жұмыс істеп тұр. Енді 4-уі өндіріске дайындық үстінде. Жаңа инвестор келген соң штаттық қысқартулар мен басқа да өзгерістер болуы мүмкін,-деген кеншілердің негізгі сұрағына жауап берілді.
Ермағанбет Бөлекбаев, облыс әкімі:
Біз басынан бастап айттық. Жаңа инвестор келсе де осы талап қойылатын болады. Менің орынбасарым, өзге де тұлғалар кеншілермен кездесіп барлығын түсіндіріп айтып шықты. Бұл жұмыс барлығымыздың бақылауымызда. Ешқандай қысқарту немесе жалақысын қысқарту жоспарда жоқ. Болмайды да.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ