Басты Жаңалықтар Ыстанбұлдағы нөсер жаңбырдың соңы селге ұласты

Ыстанбұлдағы нөсер жаңбырдың соңы селге ұласты

Ыстанбұл қаласында көп мөлшерде жауған жауынның соңы селге ұласты. Бірнеше сағат тоқтамай жауған нөсер жауыннан ғимараттар мен көшелерді су басып, көлік қатынасы қиындады. 40-тан аса ұшақ рейсі кейінге шегерілді. Алып қаладағы табиғи апат туралы бізбен байланысқа шығып тұрған тілшіміз Айдос Әшімұлы баяндауға әзір. Айдос сіз эфирдесіз!

Айдос Әшімұлы, тілші:

Қайырлы күн, Алла! Қазір қалада жағдай біршама тұрақталды. Нөсер жаңбыр басылды, тек анда сана ғана сіркіреп тұр. Мамандар кешегі жауын мөлшері Ыстанбұлда соңғы қырық жылда жаумағанын айтады. Тоқтаусыз бірнеше сағат бойы жауған нөсердің кесірінен қаланың көп бөлігінде сел жүрді. Ондаған ғимарат пен көлік су астында қалды. Түні бойы он мыңға жуық құтқарушы су басқан үйлерден тұрғындарды құтқарды. Селдің кесірінен екі адам қайтыс болған. Оның бірі су басқан жолдан өтіп бара жатқанда тоқ соққан 14 жастағы жасөспірім, екіншісі үстіне ағаш құлаған ер адам. Ауа райының қолайсыздығынан бүгін және ертең мектептер мен университеттерде сабақ тоқтатылды. Кей метро станцияларын су басқандықтан метро тоқтап, қоғамдық көлік қатынасы қиындады. Синоптиктер елдің басқа да аймақтарында нөсер жаңбырдың соңы селге әкелуі мүмкін екенін ескертті. Сондықтан жиырмадан аса провинцияда табиғи апатқа байланысты қызғылт сары дауылды ескерту жарияланды.

Бөлісу