Басты Жаңалықтар «New silk way» VIII халықаралық бизнес-форумы өтіп жатыр

«New silk way» VIII халықаралық бизнес-форумы өтіп жатыр

Тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстан ірі логистикалық хабқа айналып келеді. Бүгін 39 мемлекеттің көлік саласының өкілдері Астанада бас қосты. Елордада «New silk way» VIII халықаралық бизнес-форумы басталды. Жиында логистика саласына жасанды интеллектіні енгізу, жүк ағынын оңтайландыру, цифрлық жүйелерді үйлестіру және халықаралық тасымалдағы деректер алмасуды жетілдіру жолдары талқыланып жатыр. Шараға 338 ұйымннан 2 мыңға жуық маман келген.

Дамир Қожахметов, ҚР Көлік вице-министрі:

Көлік министрлігі тасымал саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізіп жатыр. Ұлттық бейнебақылау жүйесі арқылы 412 миллионға жуық көлік өтуі талданып, екі миллионнан астам артық жүк тиеу дерегі анықталған. Сонымен қатар Smart Cargo платформасы іске асырылуда. Қазір 11 мыңға жуық цифрлық тасымал паспорты жасалып, 15 мыңнан астам көлік тіркелген. Бұл шешімдер шекарадан өтуді жеңілдетіп, жүк тасымалын тиімді әрі ашық етуге бағытталған.

Форум барысында қатысушылар саланы дамытуға қатысты ұсыныстарын айтып, пікірлерін ортаға салды. Мәселен Чехияның Көлік министрі шекарааралық жүк тасымалы бойынша қауіпсіз әрі ортақ стандарттарға негізделген деректер алмасу жүйесін құруды ұсынды. Одан бөлек бүгіннен бастап Қазақстан мен Ресей электронды жүкқұжат жүйесін сынақтан өткізетіні белгілі болды. Бұл шекарадан өту уақытын қысқартуға және тасымалдаушылардың шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Айта кету керек Форуммен қатар «TransLogistica Kazakhstan» халықаралық көрмесі де өтіп жатыр. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға және Еуразиядағы көлік байланысын нығайтуға бағытталған.

Чжан Веньюй, Қытайдың «China transinfo technology Co.,LTD» компаниясының вице-президенті:

Біз Қытайда интеллектуалды көлік пен цифрлық логистика саласында жұмыс істейтін жетекші компаниялардың біріміз. Қазақстанмен ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүдделіміз. Біздің тәжірибеміз бен технологияларымызды біріктіру арқылы тасымал мен логистика жүйесін одан әрі жетілдіруге болады деп сенеміз. Осы форум аясында қазақстандық серіктестермен бірлескен құзырет орталығын құру жөнінде келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл екі тараптың тәжірибе алмасуына және жаңа технологияларды енгізуіне мүмкіндік береді.

Бөлісу