Абай облысы Курчатов қаласында орналасқан Ұлттық ядролық орталық мамандары әлемдік атом энергетикасын дамытуға үлес қосуда. Қазір орталықта шетелде қолданылатын реакторлардың қауіпсіздігі мен оларды жетілдіретін теңдесіз тәжірибе жүргізіліп жатыр. Қазақстандық мамандар әлемде ең алғаш рет салынатын термоядролық реактор құрылысына қатысуы мүмкін.
Ұлттық ядролық орталық ғалымдары қазір, ТОКОМАК қондырғысында термоядролық реакторлар құрылысына қажетті материалдардың төзімділігін сынап жатыр. Яғни, алдағы уақытта баламалы энергия өндіретін реакторды қандай материалдан салу керектігін отандық ғалымдар ұсынуы мүмкін.
Ержан Қашықбаев, ҰЯО Эксперименталдық зертханасының меңгерушісі:
Келешекте термоядролық нағыз энергетикалық термоядролық ректор салу үшін әртүрлі мәселелер бар. Шешу керек. Бірінші ол материалын таңдау. Бірінші қабырғаның материалы. Егер нәтижеге жетсек, айтып жатырмыз ғой халықаралық эксперименталды термоядролық реактор салынып жатыр деп, соның бірінші қабырғасының материалдарын зерттейтін боламыз.
Ұлттық ядролық орталықтың тағы бір ірі жобасы Жапонияның атом энергетикасы агенттігінің тапсырысы бойынша іске асуда. EGILE құрылғысында қазір қолданыстағы ядролық реакторлардың төзімдігі мен қауіпсіздігін жетілдіру, ауыр авария кезінде салдарын азайту бойынша тың тәжірибелер жүргізілуде. Нәтижесін шет ел мамандары жоғары бағалаған.
Нұржан Мұхаметов, ҰЯО Реакторлық отын сынау зертханасының меңгерушісі:
Жапониядан бөлек қазір Францияда CEA компаниясы, олармен де жұмыс жүргізілуде. Реакторлық модельдеу жүргізілуде. Қазіргі күнде ол жоба іске асырылып жатыр. Осы жұмыста біз реакторлық эксперимент жүргізуге дайындалып жатырмыз.
Қазақстандық ғалымдар еліміздегі АЭС құрлысына ғылыми техникалық қолдау көрсетуге де дайын екендерін мәлімдеді. Бұл бағытта мамандардың энергетикалық қауіпсіздік, ядролық отынды қолдану, радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуде тәжірибелері зор. Сондықтан елімізде АЭС салудан қауіптенуге еш негіз жоқ дейді.
Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры:
Біздің сулы реакторларымен жұмыс істеуде де тәжірибеміз бар. Әлемде реакторладың 80 проценті осы типті. Сондай-ақ, болашақтың энергетикасы саналатын термоядролық реакторлар бойынша да біліміміз жеткілікті. Сондықтан Қазақстанда АЭС салынатын болса, біздің ғалымдар үлес қосуға дайынбыз.
Бұдан бөлек Ұлттық ядролық орталықта радиациялық қауіпсіздік пен экологияға қатысты да зерттеулер үздіксіз жүргізіліп келеді. Баламалы энергия көзі-сутегі энергетикасын қолдану үшін құрылғылар әзірленіп жатыр. Сондықтан отандық ғалымдар Қазақстанның болашақта сарқылмас қуат көздерін қолданатын мемлекеттердің қатырында болатындығына күмән келтірмейді.
Ержан Жақып