ЖИ-мен жабдықталған ұлтарақтың ерекшелігі неде?
Сенсорлы ұлтарақ. Отандық өнертапқыштар аяқ киімге салатын кәдімгі ұлтарақты жасанды интеллектпен жабдықтап қойған. Ол адамның қозғалысын талдап, жүру динамикасын бақылайды. Ол қалай жұмыс істейді? Ерекшелігі неде? Құрылғыны сынап көрген әріптесім Темірлан Нұржанұлы тарқатады.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Стартапшылар ұсынған құрылғы аяғымда тұр. Жасанды интеллектімен жабдықталған ұлтарақ пен арнайы аяқ киім де киіп алдым. Енді бір минут уақыт бойы алға-артқа жүріп, түрлі қимыл жасаймын. Осылайша, құрылғы менің қозғалысым жайлы ақпарат жинап, оны өңдейді.
Манат Нұрсұлтан, Mirai Tech компаниясы аппараттық инженерлік топтың техникалық директоры:
Сізде жарты қадам уақытында бәрі жақсы. Каденция бойынша ол сізде орташа уақыт алып тұр. Минутына 94 қадам басасыз. Бұл орташа көрсеткіш. Ол да өз қалпында тұр. Ал аяқтың қозғалысына байланысты, сол аяғыңызда 144 мс, оң аяғыңызда 116 мс. Бұл да айырмашылығы атты жоғары емес. Сонда да кішкене сол аяғыңызды жерде көбірек уақыт ұстайсыз.
Ұлтараққа орнатылған өте сезімтал сенсорлар табан сүйектері мен бұлшық еттеріне түсетін күшті анықтайды. Арнайы иілгіш материал механикалық деформацияны электр сигналына айналдырады. Бұл сигналдар өз кезегінде сандарға ауысып, өңделеді. Бұл процеске жасанды инттелект те қосылған. Осылайша графиктер мен статистикалық көрсеткіштер шығады. Адам басқан қадамның жиілігі, тепе-теңдіктің дұрыс сақталуы, оң я сол аяққа түсетін салмақ және өзге де ақпарат белгілі болады. Бұл жарақат алған адамдарға, әсіресе спортшыларға оңалту кезіңіндегі өзгерістерді тез арада байқауға септігін тигізеді.
Гүлнұр Қалимуддина, Mirai Tech компания негізін қалаушылардың бірі:
Негізі аналитика жасау үшін спортшы клиникаға барып, ұзақ, көптеген диагностикадан өтуі керек. Сосын ғана оған үлкен қағаз шығады. Ал кішкентай шабаданды өзіңмен алып жүріп, бапкер, физтренер, реабилитолог әр уақытта спортшысын тексере алады.
Бұл өнімді отандық Mirai Tech компаниясы жасап шығарған. Стартаптың тарихы
университет қабырғасында студенттер әзірлеген ғылыми жобадан бастау алады.
Заманауи технологиялар арқылы адам өмірінің сапасын жақсартуды көздеген
өнертапқыштардың еңбегі бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де
жоғары бағаланады. Енді компания Еуропаның футбол клубтарымен пилоттық жоба
іске қосуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы