Жамбылдық тұрғын күннің көзін кәсіпке айналдырып отыр
Жамбыл облысы Көлбастау ауылының тұрғыны күннің көзін кәсіпке айналдырып отыр. Алпысты алқымдаған Елужан Момышев өз бақшасына кәнігі күн электр станциясын салған. Сағатына 52 киловатт қуат көзін өндіріп, оны Тараздағы тоқ тасымалдайтын компанияға сатып отыр. Елді мекенде тұрып, ерекше кәсіпті қолға алған қариямен Данияр Әлімқұл тілдесіп қайтты.
Елужан Момышев биыл көктемде бақшасын баламалы энергия көзін өндіретін станцияға айналдырған. Күн көзінен қуат алатын құрылғыларды сырт елден сатып алған. Қос қапталға қойылған 100 панельден мамыр айынан бері 71 мың киловатт электр энергиясын алған. Қария: «Тоқ маманы болмасам да, тоңазытқыш жөндейтін қырым жаңа кәсіпке жол ашты», - дейді.
Елужан Момышев, Көлбастау ауылының тұрғыны:
Жыл мезгіліне қарамайды, күн сәулесі түссе болды. Президентіміз жасыл энергетиканы дамыту керек деді. Соған өз үлесімді қосып жатырмын. Тағы 200 киловатт қойған жерім бар. Энергетиканы дамытуға үлес қосуға дайынмын.
Ал өзі өндірген қуат көзін қаладағы энерго орталыққа сату үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бүгінде әр киловатын 34 теңгеден саудалайды. Жарты жылда 2 жарым млн теңге табыс тапқан. Ал ауласында өндірілген тоқ ауылдағы 50 үйді электр қуатымен қамтуға жетеді.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Экологияға да, елді мекенге де панельдердің пайдасы зор. Ал мына берік бағаналары алты метр тереңге қағылған. Өйткені жойқын желде құрылғылар қозғалмауы тиіс. Жабдықтардың жасыннан қорғайтын жүйесі де жұмыс істеп тұр.
5 мың тұрғыны бар ауылдық округте 131 жеке кәсіп иесі бар. Ал Елужан Момышев өз жобасы арқылы аймақта алғашқы энергетик кәсіпкер атанып отыр.
Жәнібек Мырзалиев, Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі:
Ауылдық округте жалпы кәсіпкерлік нысандардың басым көпшілігі - егін, мал шаруашылығы. Бұл кісінің бастамасы - бүгінгі таңда Жамбыл облысы бойынша алғашқы жоба. Ауыл тұрғындары, аудан тұрғындарымен мақтан тұтамыз.
Бүгінде Жамбыл облысы жасыл энергия көзін өндіру бойынша республикада бірінші орында тұр. Аймақта жылына 571 мегаватт қуат көзін алатын 22 нысан жұмыс істеп тұр. Ал өңірде өндірілетін энергия елдегі сұраныстың 30%-ын жауып отыр.
Алмас Омаров, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы бөлімінің бас маманы:
Жамбыл облысында 6 гидро электр станция, 6 күн электр станция және 10 жел электр станциясы орналасқан. Екі ірі жобаны іске асыру көзделіп отыр. Ол 1 гигаватты құрайтын жел электр станциясы. Біреуі Мойынқұм ауданында және Талас пен Сарысу аудандарында 1 гигаватты құрайтын жел электр станциясы жобаларын іске асыру көзделіп отыр.
Осылайша аймақта алдағы 3 жылда жасыл энергия өндіретін тағы екі нысан салынады. Сонда жалпы қуат көлемі 2,5 гигаватқа дейін артады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы