Гарвардтағы қазақтар медицинаға қажет аппарат құрастырып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гарвардтағы қазақтар медицинаға қажет аппарат құрастырып жатыр

10.11.2023

Қазақстандық жас дәрігер-невролог Асхат Мұқышев Бостондағы Гарвард университетінде бұлшық ет ауруларын әрбір талшық деңгейінде терең зерттейтін әлемдегі тұңғыш құрылғыны құрастыруға ат салысып жатыр. «Болашақ» бағдарламасының степендианты зерттеу жұмыстары аяқталған соң тың технологияны Қазақстанға әкелуді қалайды. Жас зерттеушімен меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы кездесті.

Астанада 9 жыл оқып, соңғы үш жылдан бері Алматыда жұмыс істеп жатқан невролог-дәрігер Гарвардқа биыл түскен. Қазір оқу орнына қарасты ауруханада бұлшық ет ауруларын терең зерттейтін жаңа құрылғы құрастырып жатыр. Қолданыстағы қондырғылар бұлшық еттерін тұтас суретке түсіретін болса, жаңа құрылғы әрбір талшықты жекелеп көруге арналған дейді зерттеуші. Ал бұл ауруды асқынбай тұрып алдын алуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл Қазақстан үшін да аса қажет. Себебі, соңғы жылдары бұлшық ет аурулары дертіне шалдыққан адамдардың қатары артып барады. Оның көбі балалар.

Асхат Мұқышев, Гарвард университетіндегі медициналық мектептің зерттеушісі:

«Қиын жағдай болып тұрғаны, біз осы бұлшық ет ауруларымен ауыратын адамдарды мысалы қарай алмаймыз. Қаншалықты жақсарып бара жатқанын немесе қаншалықты симптомдарының өскенін. Яғни, бізге белгілі бір аппараттар, зерттеу құрылғылары керек болады. Мен осы Бостон қаласында үш аппаратты зерттеп жатырмын. Әлем бойынша алғашқы сондай аппаратты құрастырып жатырмыз».

Бостондағы екі аурухана бұлшық ет дистрофиясы ауруларын анықтайтын жаңа аппараттың прототипін тәжірибеден өткізіп жатыр. Соның ішінде, Асхат 120-ға жуық науқастың жағдайын мұқият зерттеуді міндетіне алған. Құрылғының тиімділігі толық дәлелденсе, келер жылы дайын қондырғы Бостон ауруханаларына қойылады. Сол кезде бұл технологияны Қазақстанда да енгізуге мүмкіндік тумақ.

Асхат Мұқышев, Гарвард университетіндегі медициналық мектептің зерттеушісі:

«Қазақстандағы «Дорожная карта» деген бар, бұлшық ет аурулары, нерв бұлшық ет аурулары бойынша. Сол бойынша бізде қаржыландыру өте көлемді. Соған байланысты жаңа құрылғыларды біз барып сол жаққа енгізуімізге болады. Тек қана Қазақстан ғана емес, жалпы Орталық Азияға да соны енгізуімізге болады».

Асхаттың айтуынша, бұлшық ет аурулары негізі генетикалық өзгерістерден болады. Әдетте 100 мың адамның 50-інде кездеседі. Дертті дер кезінде анықтап, тиісті ем жасамаса, баланың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан мұндай аппарат отандық медицинаға аса қажет.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу