Ақтөбе облысында сұйық май шығаратын зауыт өндіріс көлемін ұлғайтпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында сұйық май шығаратын зауыт өндіріс көлемін ұлғайтпақ

08.11.2023

Ақтөбе облысында Аграрлық несие корпорациясы ауыл шаруашылығы тауарын өндіретін 400-ден астам кәсіпкерге биыл 11 млрд теңге қаржы бөлген. Солардың бірі - Хромтау ауданындағы сұйық май шығаратын зауыт «Агробизнес» бағдарламасы арқылы несие алып, өндірісті жолға қойды. Қазір мұнда 120 адам тұрақты еңбек етеді.

Зауыт 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жоба құны бір миллиард 200 миллион теңге. Оның 796 миллионы «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қаржыландырылған. Қазір кәсіпорын тәулігіне 50 тонна май шығарады. Өнім Тәжікстан, Өзбекстан және Түркия елдеріне экспортқа жіберіледі.

Дәулет Мұратов, зауыт құрылтайшысы:

«Ай сайын 1,5 мың тонна қара май шығарамыз және 2,5 мың тонна жоғары протеинды ақуыз шротын шығарамыз. Біз жыл сайын 500 миллионнан бастап, қазіргі кезде 800 миллионға дейін товар айналымына несие аламыз».

Кәсіпорын қажетті шикізатты өздері өсіреді. Ал жетпеген бөлігін көрші елден әкеледі. Екі жыл бұрын 175 млн теңге несие алып, мал азығын дайындайтын құрылғы сатып алынды. Аграрлық несие корпорациясы ауыл шаруашылығы саласындағы мұндай жетекші шаруашылықтарды бірнеше бағытта қолдап келеді.

Айнұр Медетова, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының бөлім басшысы:

«Аграрлық несие корпорациясы» 3 бағыт бойынша қаржыландыру өткізеді. Соның ішінде «Агробизнес», «Кең дала» және «Іскер» бағдарламасы. «Агробизнес» бағдарламасы өнеркәсіптік болып есептеледі. Себебі, бұл бағдарлама бойынша мал сатып алуға және құрылысқа керек затты алуға болады. Өнеркәсіпті қаржыландыру үшін.

Зауыт алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, майды тазарту цехын салмақ. Ал Аграрлық несие корпорациясы ел экономикасына серпін беретін жобаларды қаржыландыруды жалғастыра бермек.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу