Петропавлда 100 үйдің құрылысы жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда 100 үйдің құрылысы жүріп жатыр

28.04.2024

Петропавлда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған 100 үй салынып жатыр. Былтыр «Солнечный-2» ауданында жер бөлініп, инфрақұрылым тартылған еді. Баспана кезегінде тұрған азаматтарға 10 сотықтан беру жоспарланған болатын. Жауапты органдар уақыт үнемдеу мақсатында дайын тұрған учаскелерді пайдалану жөнінде шешім шығарған. 

Эльмира Кәленова, тілші:

Құрылыс алаңында жұмыс қызу. Екі күн бұрын дәл осы жерде түсірілім жасағанда үйдің іргетасы қаланғалы жатқан. Енді, міне, қабырғасы салынып бітуге жақын. Баспаналарды межеленген мерзімде тапсыру үшін құрылысшылар екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр.

Солардың бір - Саян Исин. Құрылыс басталған сәттен бері әріптестерімен бірге аянбай тер төгіп жүр.

Саян Исин, құрылысшы:

Қазіргі заманда неше түрлі заманауи сапалы заттар бар, арматуралар бар. Бұның барлығы тез арада салынады және сапасы өте тамаша болады бұл үйдің. Ол үшін мына суға кеткен ағайындар қам жемесе болады.

Жоба «Қазақстан халқы» қоры есебінен қаржыландырылады. Ұйым Солтүстік Қазақстан облысына 2 млрд 700 млн теңге қаражат бөлді. Құрылыс жұмыстарына 10 компания тартылып отыр. Қолданылатын материалдардың басым бөлігі - отандық өнім.

Майгүл Елемесова, құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:

Құрылыс жұмыстары қарқын алған кезде бұл жерде жұмысшылардың саны 500-600-ге дейін жетеді деп күтілуде. Құрылыс аяқталғаннан кейін біздің басқарма бұл үйлерді қалалық әкімдікке тапсырады. Ал қалалық әкімдік тасқын судан зардап шеккен азаматтардың арасында үлестіретін болады.

Солтүстік Қазақстанда 4 мыңға жуық баспана мен 6 мыңнан астам саяжай учаскесі су астында қалды. Тасқын аяқталған аймақтарда жылжымайтын мүлікті бағалау жұмыстары жүріп жатыр.

Эльмира Кәленова, тілші:

Мынау «Солнечный-2» ықшам ауданында алғашқы салынған үйлер. Қысқа мерзімде тұрғызылып, Отбасы банк арқылы әкімдікте баспана кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Енді 40 күнде тағы да 100 үй қолданысқа берілмек.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу