Мұнай өнімдері артығымен өндірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнай өнімдері артығымен өндірілді

31.08.2022

Сұйық отын тапшылығын болдырмау мақсатында Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары келесі жылға қалдырылды. Бұл дизель отынын қыркүйек айында жоспардағыдан 70 мың тонна артық өндіруге мүмкіндік бермек. Аймаққа барған «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев зауыттың өндірістік әлеуетімен танысты

Шымкенттегі зауыт биыл 3,6 миллион тонна мұнай өңдеді. Одан 1 миллион 200 тонна бензин және тап осындай көлемде дизель отыны өндірілген. Осылайша былтырғы жылға қарағанда 1 миллион тоннаға жуық жанар-жағар май артық шығарылды.

Ерболат Қожабаев, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС президенті:
Бұл рекордық обьем. Зауыт үшін де, мемлекет үшін де рекорд. Былтырғы жылға қарағанда миллион тоннаға артып отыр биылғы мұнай өңдеу көлемі.

Соған қарамастан бүгінгі таңда елімізде жағар май тапшылығы туындап отыр. «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы нарықтағы күрделі жағдайға мұнай өнімдерін шетелдерге заңсыз және өте көп мөлшереде әкету басты себеп екенін айтты. Осыған байланысты мемлекеттік органдарды шекарада бақылауды күшейтуге, заңсыз тасымалды тоқтатуға шақырды.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы:
Ең алдымен зауыттар қалыпты жұмыс ырғағын сақтай отырып, өндірістік жоспарды толық орындау қажет. Екіншіден өндірісті ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге байланысты дайындық жұмыстарын жеке бақылауға алуды тапсырамын. Және мұнай өнімдерін уақтылы жөнелту және логистика бойынша серіктестермен іс-қимылды күшейту керек.

Сапар барысында Мағзұм Мырзағалиев Түркістан облысында салынып жатқан К-5 мотор отынын шығаратын көмір және мұнай химиясы комбинаттарын да аралады. Озық технологияға негізделген өндіріс орнында келешекте мұнайдан газ конденсаты бөлініп алынады. Мұнай шламы, сондай-ақ көмір мен торф өңделеді.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу