Израиль-Хамас соғысының басталғанына – 1 ай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израиль-Хамас соғысының басталғанына – 1 ай

07.11.2023

Бүгін Таяу Шығыста жаңа соғыстың басталғанына тура бір ай. Қазір Израильдің жаяу әскері Газа секторының ішінде Хамас жауынгерлерімен шайқасып жатыр. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху ескерткендей, бұл соғыс Хамастың қолындағы 240 адам босатылғанша тоқтамақ емес. Және де Нетаньяху Американың ABC телеарнасына берген сұқбатында Израильдің 2,3 миллион адам тұратын Газаны белгісіз уақытқа бақылауға алатынын аңғартты.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Меніңше белгісіз уақытқа онда қауіпсіздік үшін жауапкершілік алуымыз керек. Өйтпесек, жағдайдың қалай болатынын бәріміз көрдік. Хамастың терроры бұрын елестете алмаған жағдайға дейін көтеріліп отыр.

Хамас болса, еврей мемлекеті палестиналықтардың жерін оккупациялап, Газа секторын 17 жылдан бері блокададан босатпағаны үшін Израильге шабуыл жасағанын айтады.

Бір айда Израильдің авиациялық соққыларынан палестиналық анклавта тұтас кварталдар жермен-жексен болып, халықтың 70 пайызы үйлерін тастап кетті. Сонымен қатар, секторда дәрі-дәрмек, азық-түлік, ауыз су, отын таусылуға жақын.

Осы соғыстың басында Израильде хамастықтардың қолынан 1400-дей бейбіт тұрғын мерт болды. Ал Израильдің кек алу операцияларынан Газада бүгінге дейін 10 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тауыпты. Солардың 4100-і – балалар.

Қазір бұл соғысты не Біріккен Ұлттар Ұйымы, не АҚШ, не көршілес араб елдері тоқтатуға дәрменсіз. Осындай шақта әйгілі «өрмекші адам» немесе Алан Роберт Израиль мен Палестинаны бейбітшілікке шақыру үшін Париждегі биіктігі 187 метр зәулім ғимараттың үстіне өрмелеп шыққан.

Ал төрткіл дүниеде Газадағы қырғын мен Израильге наразылық күшейіп келеді. Қарсылық акциялары соңғы күндері Лондонда, Парижде немесе араб дүниесінде ғана емес, жер шарының батысы бөлігі – Латын Америкасында да өтіп, оларға сан мың адам қатысты.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу