Талдықорған қаласының маңы тұңған тарих. Оған шаһардың айналысындағы таңбалы тастар дәлел. Жуырда әуесқой археологтар петроглифтердің көп шоғырланған тағы бір кешенін анықтады. Ордакүл сайларында аумағы 80 шаршы шақырым жерде 26 мыңға жуық таңба табылып отыр. Мамандар бұл еліміздегі, тіпті Орта Азиядағы ең үлкен кешен болуы мүмкін деген пікірде. Әріптесім Қуаныш Қанатұлы таңбаларды өз көзімен көріп, археологтардың жұмысымен танысып қайтты.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Мына сайдағы күнге қарап тұрған жартастың кез келгенін алсаң да аңшының, маралдың, таутекенің суретін жүздеп, тіпті мыңдап кездестіруге болады. Өзіңді құдды бір таңбалардың галереясында жүріп келе жатқандай әсер аласың. Енді бұл суреттердің әрқайсысының өз төлқұжаты болады. Демек енді бұл жерде ешкім қазба жұмыстарын жүргізбейді, сындырмайды, бұзбайды. Яғни мемлекет қамқорлығында болады.
Әуесқой археологтар бұл кешенді осыдан төрт жыл бұрын анықтаған. Содан бері ешкімге тіс жармай, қызғыштай қорғап, зерттеп келді. Ал қазір құжаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мұндағы таңбалар ерте қола дәуірден бастау алып, бертіңгі 18-19-шы ғасыларды қамтиды, дейді зерттеушілер.
Зира Наурызбай, мәдениеттанушы:
4 мың жыл бұрын салынған аңның, ия малдың үстінен салынған. Мынау жерде жылқы бар. Міне басы, міне кеудесі, міне аяқтары. Үстінен былай киіз үй салынған. Сонда бұл өте көне миф.
Бекбол Нұрмағанбетов әйгілі археолог, алғашқы алтын адамды тапқан Бекен Нұрмағанбетовтың ұлы. Бірнеше айдан бері осы әуесқой археологтармен бірге Ордакүл петроглифтерін зерттеп жүр. Мамандығы дизайнер болса да, осы салаға бет бұрып, ғылыми волонтерлықты дамытқысы келеді.
Бекбол Нұрмағанбетов, «Бекен ата» қоғамдық ұйымының жетекшісі:
Ғылыми еріктілер негізі Sitizen Since деген термин бар бүкіл әлемде. Біздің жұмысымыз ол кәдімгі алтын көпір. Ғылым қоғам. Көбінесе қоғам түсінбейді ғой ғылымды, не істегенін. қола дәуір деген не? Сақ дәуір деген не?
Құжаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық ақпарат ортақ мәліметтер базасына тіркеледі. Жергілікті билік тарихи орынды өз қорғауына алып, тақтайшалар орнатады. Өңірде мемлекетпен қорғалатын жәдігерлер мен кешендер саны жылдан жылға еселеніп келеді.
Қуаныш Қанатұлы