Басты Жаңалықтар Оқушылар банан қабығымен қан тоқтата алатындарын дәлелдеді

Оқушылар банан қабығымен қан тоқтата алатындарын дәлелдеді

Алматылық екі оқушы банан қабығын пайдалы өнертабысқа айналдырды. Олар әзірлеген BananaPatch ұнтағы қанмен жанасқанда гельге айналып, жараның бетін жауып, қанды тоқтатады. Жас өнертапқыштар әзірлемені зертханада үш түрлі әдіспен сынақтан өткізген. Енді өнімді жетілдіріп, медициналық сараптамаға ұсынуды жоспарлап отыр. Олардың жобасы халықаралық байқаудың келесі кезеңіне жолдама алды. Жобаның идеясы Абай Оразбектің интернеттен банан қабығының қасиеттері туралы ақпарат оқуынан басталған. Ол қабық құрамындағы кейбір заттардың қан тоқтатуға ықпал етуі мүмкін екенін біліп, бұл болжамды тәжірибе жүзінде тексеруге бел буған. Кейін сыныптасы Сейітәлиді жобаға қосылуға шақырған. Екеуі ұнтақтың құрамын зерттеп, оны бірнеше кезеңнен өткізіп, қасиеттерін сынаған.

Абай Оразбек, жоба авторы:

Біз үш тәжірибе орнаттық. Үш тәжірибеде әр түрлі үш состав болды. Бірінші тәжірибе – бұл жарақат моделі. Жарақат моделіне біз арнайы қант сұйдық. Бұл қант глицеринінен жасалған және оның үстіне порошок септік. Эксперимент көрсеткендей, шынымен гель шықты және бұл гель қанды адамның денесінен шығуды тоқтатты.

Өнертабыстың басты артықшылығы – қолжетімді шикізатты пайдалану және өсімдік қалдықтарын кәдеге жарату мүмкіндігі. Жоба жетекшісінің айтуынша, BananaPatch ұнтағының құрамындағы қосымша заттар қанның ұюына ықпал етуге бағытталған. Қазір оқушылар оның құрамын жетілдіріп, халықаралық Social Impact Awards байқауының келесі кезеңіне дайындалып жатыр. Авторлар өнімді болашақта қолжетімді құрал ретінде ұсынуды көздейді. Дегенмен оны медицинада қолдану үшін тиімділігі мен қауіпсіздігін растайтын қосымша зерттеулер жүргізіліп, тиісті сараптамадан өтуі қажет.

Зиягүл Мұратқызы, жоба жетекшісі, биология пәнінің мұғалімі:

Өнімнің тиімділігін зерттеу үшін бізге бірінші ретте ол медициналық сертификат керек. Одан кейін зертханада өнімнің нақты жұмысын тексере аламыз. Ал қазіргі таңда тек қана жасанды қанмен тексеру жүргізілді.

Бөлісу