Мемлекет басшысы екіжақты кездесулер өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы екіжақты кездесулер өткізді

03.11.2023

Мемлекет басшысы Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Тараптар өзара сауда-саттықта оң динамика бар екенін атап өтіп, түрлі саладағы жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен де кездесті. Мемлекеттер басшылары қазақ-түрік стратегиялық серіктестігінің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентінің Қазақстанға сапарының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу екі елдің көпжақты қарым-қатынасын нығайтуға және Түркі әлемін дамытуға тың серпін беретініне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республиксының Президенті:

Қадірлі бауырым, Атажұртқа қош келдіңіз. Арадағы тұрақты келіссөздердің арқасында бүгінде көптеген келісімдеріміз табысты жүзеге асырылуда. Былтыр екіжақты тауар айналымы 54 пайызға өсіп, 6,3 миллиард доллар болды. Осы көрсеткішті 10 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Түркия – еліміздің негізгі төрт сауда серіктесінің бірі.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

Саммитті табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. 2021 жылы Ыстамбұлда өткен саммитте біз өзгеріс процесін бастадық әрі біздің ұйымға мықты институционалдық құрылым сипатын беру туралы шешім қабылдадық. Осы уақыт аралығында біз маңызды қадамдар жасадық. Ол әлі жалғасады. Атажұртта маған және менің делегацияма көрсеткен құрметіңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін.

Оңғар Алпысбай

Хабарламаларға жазылу