«Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының жеңімпаздары анықталады
Оныншы рет өткізіліп отырған Astana Media Week-тің бүгін соңғы күні. Бұл – медиа саласының ең маңызды оқиғаларының бірі саналады. Әрі бүгін Astana Media Week аясында «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының жеңімпаздары анықталады. Дәл қазір Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан шарадан әріптесіміз тікелей қосылуға әзір. Ақниет, марапаттау рәсімі басталды ма?
Ақниет Балтанова, тілші:
Расында биыл бұл екі байқау алғаш рет Qazaqstan Media Awards аясында бірлесе ұйымдастырылып отыр. Марапаттау рәсімі әлі жүріп жатыр. Әзірге белгілі болған ақпаратпен бөлісейін. Биыл байқауға 12 аталым бойынша 600-ден астам журналист өтінім берген. Іріктеу қорытындысы бойынша үздік жұмыстар финалдық кезеңге жолдама алған еді. Олардың қатарында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының үш бірдей жобасы бар. Атап айтқанда, «Qazaqstan» телеарнасының «Қарқынды құрылыс» бағдарламасы «Тұмар» ұлттық сыйлығының «Үздік телевизиялық материал» аталымына ұсынылды. Ал «Qyzyljar» телеарнасының «112 Солтүстік» жобасы «Үздік ақпараттық-талдамалық бағдарлама» аталымында бақ сынады. Сондай-ақ Қазақ радиосының «Ойтұма» бағдарламасы «Үркер» ұлттық сыйлығының «Үздік радиожоба» аталымында финалға өтті. Айтып өтейік, биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі – алғаш рет «Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба» аталымы енгізілген. Қорытындылай келе, Astana Media Week отандық медиа саласының өкілдері бас қосып, журналистиканың бүгінгі жағдайы мен болашағын талқылайтын маңызды алаңға айналып отыр деп айта аламын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы