Басты Жаңалықтар Алматыда тағы 87 қонақүй салынады

Алматыда тағы 87 қонақүй салынады

Алматыда жалпы құны 900 миллиард теңгеге 87 қонақүй салынады. Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, ғимараттар   инвесторлардың есебінен бой көтереді. Бұл – туристік ағынның артуына байланысты қолға алынған ауқымды жоба. Жаңа қонақүйлер туристердің сұранысын қаншалықты өтейді? Қуан Нұрақын тарқатады.

Соңғы жылдары Алматыға келетін шетелдік туристер саны еселене түсті. Қонақүй өкілдерінің айтуынша, бұл жағдай қаладағы қонақүй инфрақұрылымын кеңейту қажеттігін көрсетіп отыр.

Фархат Бектұралов, қонақүй менеджері:

Қонақтар көп болады, бірақ қазіргідей ағын болмайтын. Қазір шетелдік азаматтар көбейді деп айта аламын. Әр елден келеді. Бізде Қытай азаматтары өте көп, түрік азаматтары өте көп және үнді елінен де келеді. Еуропа азаматтары да аз кездеспейді.

Қазір қалаға келетін туристер мен қонақтарға 448 нысан қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері жеке инвестициялар есебінен мыңнан аса  нөмірі бар 26 жаңа қонақүй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 8-і ашылады. 

Қалада қонақүй санын арттырумен қатар, халықаралық брендтерді тартуға да басымдық беріліп отыр.

Елнұр Болатбек, Almaty tourism Bureau бас менеджері:

Қазіргі қонақүй саласында халықаралық брендтерге көбірек басымдық беріп жатырмыз. Бұл – Sheraton, Marriott, Hilton сияқты атақты қонақүй брендтерімен жұмыс істеу.

Былтыр Алматыға 2 жарым миллионнан аса турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Туристік ағынның артуы қонақүй құрылысына серпін беріп отыр. Алматы SuperSki жобасы іске қосылса бұл көрсеткіш тағы еселене түспек.

Бөлісу