Қазақстан «Достық» каналынан 487 миллион текше метр су алады. Бұл Түркістан және Қызылорда облысының диқандарына қажетті су көлемін жинақтауға, Арал теңізіне қосымша 1,6 миллиард текше метр су жіберуге мүмкіндік береді. Ташкентте өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында тиісті келісім жасалды. Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстанның өкілдері Сырдария және Әмудария бассейніндегі су қоймаларының болжамды жұмыс тәртібін қарады. Келесі вегетациялық кезеңде су алу лимитін бекіткен хаттамаларға қол қойды. Құжатқа сәйкес, сәуір айына дейін Шардара су қоймасына 11 текше шақырым су келеді деген болжам бар. Еркін форматтағы кездесуге жиналғандар ағаш егіп, ирригация саласында білім алып жүрген жастармен кездесті.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
24 мыңнан астам шақырым ирригациялық жүйелеріміз бар. 7,5 мыңнан астам гидротехникалық құрылым бар. Соңғы жылдары соның 30 пайызы жөнделді, алдымызда тұрған міндет, қалған 70 пайызын жөндеу керек.
Базаркүл Отыншиева