Шығыс Қазақстанда су келетін каналдар түгел қирап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда су келетін каналдар түгел қирап жатыр

02.11.2023

Шығыстағы Зайсан ауданының шаруалары су тапшылығынан алқаптарды толық игере алмай отыр. Жарты ғасыр бұрын салынған кіші каналардың бәрі қирағандықтан су далаға ағып, ысырап болып жатыр. 113 шақырым болатын бұл каналдар аудан есебіне алынғанымен қалпына келтіруге қаржы жоқ. Сондықтан шаруалар үкіметтен көмек сұрайды.

Елу бес жыл бұрын салынған суағардың қазір жұрнағы ғана қалған. Бұрын орталық каналадан келген су осы ішкі магистрал арқылы егістікке жайылатын. Талай жыл сушы болған - Марат Мақыранов ақсақал бір жазда егіс алқабы 3-4 рет суарылатынын айтады. Ал соңғы 20 жылда үлкен каналға жақын алқаптардың да аңқасы кеуіп жатыр.

Марат Мақыранов, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

Орталық магистралдың бәрі жөнделген, оның бәрі жаңа. Мына ішкі латоктың ғана мәселесі тұр. Осының кесірен мал азғын дайындау қиындап барады.

Қазір тек Қарабұлақ ауылдық округіндегі 126 шаруа қожалығы 3 мың гектар жерді игеріп отыр. Ал ауылдағы егіншіліктің 70 пайызына су жетпейді.

Қайырбек Ғайсин, агроном:

Судың тапшылығы қожалықтарға қиындау болып тұр. Сондықтан мына ішкі латоктар жөнделсе, қожалықтарға сау жылдам барар еді. Көбі арыққа кетіп жатыр. Жерді егу егеді. Бірақ сол өнімді толық ала алмай жатыр.

Өнім өнбеген соң өңірдегі шаруалар суды көп қажет етпейтін дәнді дақылдарды өсіруге көшкен. Жалпы ауданда 28 мың гектар егістік бар. Оның 23 мың гектары суармалы жер. Кендірлі мен Үйдене бөгетіне жиналған су әуелі 23 шақырым болатын үлкен каналға түседі. Одан соң кішігірім каналдар арқылы алқаптарға жайылады. Бірақ қазір ол түгел қираған. Ұсақ магистралдарды бірнеше жыл бұрын аудандық ауыл шаруашылығы өз есебіне алған. Алайда оны жөндеуге қаржы жоқ.

Сабыр Әндірбаев, Зайсан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Мемлекеттік актісі жердің бәрінде тұр. Енді бұған жобалық сметалық құжат жасатуға қаржы бөліп, кезең-кезеңімен қаржы өте көп қажет етеді. Қарабұлақ, Кеңсай, Зайсан ауылдық округтерінің де егістік жерлерін жөндеуді 3-4 кезеңге бөліп, Қарабұлақ ауылдық округінен бастап жөндеуге ұсынып отырмыз.

Ұсыныс әзірше облыстан қолдау таппай отыр. Өйткені 113 шақырымдық каналды қайтатан қалпына келтіру үшін тек жобасының өзіне миллиардтаған теңге қажет. Сондықтан аудандағы шаруалардың үміті үкіметте. Ал республикалық бюджеттен қаржы бөлініп жөнделуі тиіс «Үйдене» су қоймасы да үрей тудырып тұр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу