ШҚО-на қарасты Речное ауылындағы шығын есептеліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-на қарасты Речное ауылындағы шығын есептеліп жатыр

11.04.2022

Шығыс Қазақстандағы су басқан Речное ауылында жағдай реттелді. Қазір тасқынның беті қайтқан. Аудандық әкімшілік апаттың салдарымен күресіп жатыр. Су кірген үйлерге жергілікті тұрғындар мен еріктілер көмектесуде. Дегенмен, мал шығыны бар. Ауылдағы ахуалды өңірдегі тілшіміз Ержан Жақып арнайы барып көріп келді.

Ержан Жақып, тілші:

Үйге кірген су еденнің өзінен жарты метрге дейін көтерілген. Тұрғындар таң ата ештеңені алмастан қашып шығып үлгердік дейді. Дүние мүлік, киім-кешектің барлығы судың астында қалған.

Жиырмадан астам түтіні бар Речное ауылы Үбі өзеніне жақын орналасқан. Ол екі күн бұрын таң ата тасып, ауылды қорғап тұрған бөгеттен асып кеткен. Ең көп зардап шеккен Сергей Сафроновтың үйі. Қорада бағып отырған торайлары суға батып, қаз үйректерінің біразын ағын алып кеткен. Қазір үй ішіндегі бар дүниесі түгел жарамсыз күйде. Қабырғалары езіліп жатыр.

Сергей Сафронов, ауыл тұрғыны:

Үйдің қабырғалары қазір су сіңіп үгіле бастады. Бұрын мұндай болмаған. Бөгетке дейін ғана су келетін. Мұзды дер кезінде жаратын. Бұл жолы да уақытында жарса, су өз жолымен кетіп қалушы еді. Қарамаған. Салғырттық.

Су қайтқанмен, ауылдың біраз бөлігін астаң-кестең етіп кеткен. Галина Багамолова да, қыс бойы сақтаған азық-түліктен түгел айырылдым-дейді. Ауладағы жертөлесі суға толып, төбесі опырылып қалған.

Галина Богомолова, Речное ауылының тұрғыны:

6 үйге су кірді. Менің сақтап отырған, қантым, ұн, азық-түліктердің барлығы су болды. Жәшікпен алып шығып, бәрін тастадым. Жарамсыз болып қалды. Картоптың бәрі судың астына кетті. Бидайым да су болды. Ештеңеге жарамайды.

«Апат айтып келмейді. Алайда өзендегі мұзды жарып, уақытында бақылап, отырғанда мұндай болмас еді» - деп кейиді ауыл тұрғындары. Бұндай жағдай бұрын-соңды болмапты.

Ерлан Селиханов, Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары:

Еріктілердің көмегімен су басқан үйлердің тұрғындарына көмек көрсетіп жатырмыз. Комиссия егер үйлер тұруға жарамайды деп шешсе, адамдарды басқа жерге қоныстандыру мәселесін қарастыратын боламыз. Биыл мұз кептелісі осыған әкеліп соқтырды.

Тасқын кезінде 50-ден астам малды құтқарушылар қауіпсіз жерге көшірді, ал 16 тұрғынды оның ішінде 2 баланы туыстарының үйіне жеткізген. Өзеннің тасуына күннің күрт жылуы да себеп болды-дейді әкімшіліктегілер. Болар іс болды. Енді шығынды есептеп, зардап шеккендерге көмектесуге дайынбыз-деп отыр.


Хабарламаларға жазылу