Ұлыбританияда қылмыс көбейіп барады. Әсіресе суық қарумен адам өлтіру деректері жиілеген. Тіпті Лондонның орталығында емін еркін жүрудің өзі мұңға айналды деген қала тұрғындары биліктің шұғыл шара қабылдауын талап етуде.
Лондонның оңтүстігіндегі Кройдон ауданында қаза тапқан 15 жасар қыздың қазасына қабырғасы қайысқан жұрт оқиға орнына келіп, гүл шоқтарын қоюда. Жасөспірімнің өлімі жұртты дүр сілкіндірді. Мектепке бара жатқан оқушыны автобустан түскен сәтте белгісіз біреу пышақтап кеткен. Элианн Андамға көшедегі жүргіншілер алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, өрімдей қыздың өмірін сақтап қала алмады.
Былтыр Англия және Уэльс полициясы суық қару қолданған 45 мың қылмыс тіркеген. 260 адамды пышақтап кеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға көп. Ал пандемияға дейін бұл көрсеткіш одан да жоғары болды. Садик Хан қалаға басшылық еткелі бері 150 бала қайтыс болған.
Садик Хан, Лондон мэрі:
Өз басым тұрмысы төмен отбасында туып-өскен соң қылмыс жолына түсуім мүмкін еді. Бірақ жастармен жұмыс істейтін орталықтардың және мұғалімдердің арқасында аман қалдым. Қатаң үнемдеудің нәтижесінде жастар саясатына инвестиция аз құйылып жатыр. Сондықтан жастар арасында қылмыс көп деп ойлаймын.
Британ заңдарына сәйкес 18 жасқа толмағандарға өткір заттар сатуға тыйым салынған. Өзімен бірге алып жүруге де болмайды. Бірақ тәртіпке бағынып жатқандар аз. Сарапшылардың пікірінше, өскелең ұрпақтың психикалық денсаулығының дұрыс болмауы, кедейшілік және нашақорлық қылмыстың көбеюіне әкеп соқтыруда.
Марина Бекенова