Басты Жаңалықтар Қазақстан - Францияның Орталық Азия аймағындағы негізгі серіктесі

Қазақстан - Францияның Орталық Азия аймағындағы негізгі серіктесі

Қазақстан мен Францияның арасындағы байланыстың тамыры тереңде жатыр. Эмманюэль Макронға дейін Францияның 3 президенті Қазақстанға келіп, түрлі келіссөздер жүргізген. Бұл орталық Азиядағы ең негізгі серіктесі Қазақстан екенін дәлелдейді. Ал бүгін жүргізіліп жатқан келіссөздер, алыс-беріс пен барыс-келісті жандандырып қана қоймай, тың серпіліс береді дейді сарапшылар.

Қазақстан мен Франция арасындағы ықпалдастықты кеңейту әлеуеті өте жоғары. Түрлі сала, бірнеше бағыт бойынша байланыс бекем.

Аман Мәмбетәлиев, саясаттанушы:

Францияға да Қазақстан өте маңызды екенін айту қажет. Өйткені Орталық Азиядағы Францияның түгел саудасының 90 пайызы Қазақстанмен байланысты. Қалған 10 пайызы Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мемлекеттерімен.

Тұтас мемлекеттің тұрақты дамуын қамту үшін дәстүрлі секторларға қаржы тарту жеткіліксіз. Сондықтан Қазақстанға өңдеуші сала мен жаңа технологияларға құйылатын қаржы маңызды.

Әділ Кәукенов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы:

Қазақстан қазір өңдеуші өнеркәсіптерге көптеп қаржы тартуға тырысып жатыр. Ал сол өнімдеріміз Францияның соңғы технологияларымен жасалса, тиімділігі еселене түседі. Себебі ол ел көп сала бойынша әлем лидері саналады.

Мәселен, энергетика саласында. Франция бұған дейін атом станцияларына қажетті уранды Африка елдерінен алып келген. Қазір ол жақпен байланыс тоқтап, жаңа өндіруші іздеуге мәжбүр. Ал Қазақстан уран өндіру бойынша әлем елдері ішінде бірінші орында.

Жанар Төлендинова, саясаттанушы:

Қазақстан Францияға ураннан бөлек мұнай экспорттайды. Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты қос тарап та оның көлемін ұлғайтуға мүдделі деп ойлаймын. Ал біз Франциядан ауыл шаруашылығы техникасын, тыңайтқыштар, дәрі-дәрмек, тағы көптеген өнім аламыз. Сондықтан бұл сапар барлық саладағы ынтымақтастықты арттыра түсетіні анық.

Сонымен қатар, сарапшылардың пікірінше, екі ел басшыларының кездесуінен кейін титан экспорты да артуы мүмкін. Бұл металлға Францияның ұшақ жасау саласында сұраныс жоғары. Ал Қазақстан ірі титан жеткізуші елдердің бірі саналады.

Оңғар Алпысбай


Бөлісу