Ұлыбританияда әлеуметтік желінің жұмысын жүйелейтін заң қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда әлеуметтік желінің жұмысын жүйелейтін заң қабылданды

31.10.2023

Ұлыбританияда әлеуметтік желінің жұмысын жүйелейтін жаңа заң қабылданды. Енді кәмілетке толмаған балаларға түрлі платформаларда парақша ашуға қатаң тыйым салынады. Қауіпті контенттен қорғау үшін осындай шешім қабылданды. Себебі, елде телефонға телмірген жасөспірімдер арасында суицид көбейген. Жаңа заңның артықшылықтары туралы Марина Бекенова тарқатады.

14 жасар Молли Рассел ұялы телефонға тәуелді болып, бірыңғай көңіл құлазытатын фото, видеоларға әуес болған. Алгоритмге сәйкес не іздесең соны ұсынатын платформа жасөспірімнің санасын әбден улаған. Ақыры, оқушы депрессияға түсіп, суицидке барған. Ата-анасы ауыр қазадан кейін әлі ес жия алар емес.

Иан Рассел, Моллидің әкесі:

Бейкүнә балаларды қорғай алмайтын, тек пайдасын ойлайтын платформаларды жүгендейтін уақыт келіп жетті. Олар өскелең ұрпақтың өмірін қиып, ақша жасауды доғарулары қажет.

Алты жылға созылған талқылаулардан кейін даулы заң жобасы қабылданды. Оған сәйкес балаларға қауіпті контент көрсеткені үшін платформа иелері жазаланады. Жануарларға қатыгездік таныту, есірткі және қару саудасы, терроризмді насихаттайтын фото мен видео өшірілуі керек. Сондай-ақ, кәмелет жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерде парақша ашуға тыйым салынады.

Мишель Донован, Ұлыбританияның ғылым, инновация және технология жөніндегі мемлекеттік хатшысы:

Егер әлеуметтік желілер заңға бағынбаса, реттеуші орган олардың әлемдік табысының 10 пайызынан айыруы мүмкін. Бұл миллиардтаған стерлинг фунты. Компаниялар күллі шығынға батқысы келмейді деп ойлаймын.

Моллидің өлімі бүкіл Британияны дүр сілкіндірді. Іс қозғалып, сотқа америкалық әлеуметтік желілердің өкілдері шақырылды. Соңғылары ақпараттық мақсатта жүктелген контент еді деп ақталып, кешірім сұраумен шектелді және алдағы уақытта платформаларын қауіпсіз етеміз деп уәде берді. Жаңа заң қабылданғанымен интернет пайдаланушылардың миллиондаған жазбаларын бақылау мүмкін емес дейді мамандар.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу