Президент: «АрселорМиттал» компаниясындағы апатқа кінәлілердің барлығы жауапқа тартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: «АрселорМиттал» компаниясындағы апатқа кінәлілердің барлығы жауапқа тартылады

28.10.2023

«АрселорМиттал» компаниясындағы апатқа кінәлілердің барлығы жауапқа тартылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай шұғыл тапсырма берді. Үкіметтік комиссия өрттің мән-жайын тергеуі тиіс. Ал қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орын алған жерге барды. Қаза тапқан кеншілердің отбасыларымен кездесіп, жедел штабтың отырысын өткізді.

«АрселорМитталдың» сырты да, іші де түтін. Компания - апат ошағына айналғалы қашан... Көмір өндірітен кеншілердің өмірі жиі үзіледі мұнда. Тек биылдың өзінде үш апат. Бұл жолы да қасірет тағы қайталанды. Ондаған шахтер жер астынан шықпай қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр.

«АрселорМиттал Теміртау» - ел тарихындағы ең нашар компания. Мемлекет басшысының байламы. Компаниямен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жер астында әлі де бірнеше кенші қалды. Оларды құтқару – кезек күттірмейтін міндет. Ал зардап шеккен және қаза тапқан азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетіледі. Президент қажет болса, арнайы қор ашылатынын, онымен тікелей өзі айналысатынын айтты. Қаза тапқан кеншілердің отбасыларымен кездескеннен кейін Мемлекет басшысы жедел штабтың отырысын өткізді.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Қазіргі уақытта апаттық-құтқару жұмыстарына 10 бөлімше, 55 тау-кен құтқарушы және 12 техника жұмылдырылды. Жұмыстар екі өндіру учаскесі аумағында жүргізілуде. Жаңа өрт ошақтары байқалмайды. Жұмыс тәулік бойы жалғасады.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлық күш тартылады. Президент жұмысты күшейтілген режимде жалғастыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаңа ғана азаматтар әр 10-15 минут сайын ақпарат беріп тұру мәселесін көтерді. Мүмкіндігінше қамтамасыз ету керек. Халықпен қарым-қатынас жасайтын бір өкіл болсын. Жұртшылықты ақпаратсыз қалдыруға болмайды. Бұл – өте шетін әрі мүлдем жол беруге болмайтын мәселе. Біз күн-түн демей, соңына дейін күресуіміз керек.

Құтқарушылар жер астында қалған кеншілерді алып шығу үшін жан алысып жатса, дәрігерлер жер бетіне шығарылған шахтерлар үшін күресіп жатыр.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Медициналық көмек жедел әрі толық көрсетіліп жатыр. Әртүрлі деңгейде газдан уланғандар токсикология бөлімшесінде ем алуда. Медициналық көмек көрсетуге барлық дәрігер жұмылдырылды.

Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Оның орташа көлемі асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Жәрдемақы республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді. Әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс.

«АрселорМиттал Теміртауға» тиесілі меншік құқығы мемлекет пайдасына өтеді. Қазір осы мәмілені рәсімдеу процесі аяқталуға жақын.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Күрделі келіссөздер нәтижесінде біз компанияны Қазақстан Республикасының меншігіне өткізуге қол жеткіздік.

Мұндай оқиға орын алғанда шұғыл әрекет қажет. Жергілікті әкімдіктен бастап, тиісті ведомства, министрліктер, Үкімет жедел, жұмыла әрекетке көшу керек. Президенттің тапсырмасын күтіп отыруға болмайды. Осылай деген Мемлекет басшысы барлық кінәлілерді жауапқа тартуды қатаң тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Министрлер, басшылар өздерінің жұмыс тәсілдерін білуі керек. Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды. Вадим Борисович Басинге кәсіпорынды басқаруды өз қолына алуды тапсырамын. Үкімет пен әкімдікке жан-жақты тиісті көмек көрсетуді, Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі құрылымдармен бірлесіп, апат салдарын жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырамын. Ішкі істер министрлігі зардап шеккен адамдардың отбасыларымен жұмыс істеуі керек. Үкіметтік комиссияға азаматтардың қаза болуына әкеп соқтырған өрттің мән-жайын тергеуді, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Ал ертең, 29-қазан – Президент шешімімен ел бойынша жалпұлттық аза тұту күні.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу