Қарағандыдағы қайғылы оқиға әлем баспасөзінің назарынан да тыс қалған жоқ. Олар жариялаған материалдардың кейбіріне қысқаша тоқталсақ:
Француздың France24 арнасының хабарлауынша, «АрселорМитталдың» кен орындарында екі айда екінші апат болып отыр. Және де еуропалық телеканал бұл корпорацияның қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін жиі сынға ұшырайтынын да атап өткен.
Ал Reuters агенттігі Қазақстанда қазанның 29-да қаралы күн жарияланғанын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «АрселорМитталмен» инвестициялық байланысты тоқтатуға бұйрық бергенін хабарлап отыр.
Associated Press болса, «АрселорМитталдың» әлемде болат өндіруден екінші орында тұрғанын және оның Қазақстандағы шахталарында қарашадан бері үш рет апат болғаны туралы ақпарат таратты.
Ал Қытайдың South China Morning Star газетінің мәліметінше, «АрселорМиттал» Қазақстанда өлімге әкелген апаттар тарихымен танымал.
Үндістанның The New Indian Express басылымы тілшісінің айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін де «АрселорМитталдың» Қазақстанда жұмыс істеуіне тыйым салатынын ескерткен.
Арыстан Рысбек