Ақмола облысында 39 ауыл жарыққа зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 39 ауыл жарыққа зәру

27.10.2023

Ақмола облысында 39 елді мекенде электр энергиясы тапшы. Жарыққа жарымай отырған ауылдардың бәрі бір ғана Зеренді ауданына қарайды. Желінің 90 пайызы әбден тозған. Ал оған иелік ететін жеке компания қаржы шығармай қарекетсіз отыр деп налиды тұрғындар. Мәселенің мән-жайын әріптесім Ұмсындық Наурызбаева анықтады.

Ауылда жарық күнара сөнеді. Тіпті техника да шыдамайтын болды дейді Гүлсім Құсайынова. Жарық сөнгенде су да жоқ. Сондықтан зейнеткер үйдегі ыдыс атаулыны толтырып әлек.

Гүлсім Құсайынова, Шағалалы ауылының тұрғыны:

Біздің күнкөрісіміз осы, мінекей, су аламыз. Осылай артығымен. Су болмай қалады. Свет болмай қалады. Жанталасып жүгіріп келіп су аламыз.

Ашынған халық әкімдіктің табылдырығын тоздырып шаршаған. Бір апта бұрын ғана қар аралас жаңбыр мен қатты желдің кесірінен бірнеше ауыл жарықсыз қалды.

Бауыржан Ержанұлы, Шағалалы ауылының тұрғыны:

Жарық үнемі өшеді бізде. Өздеріңіз көріп тұрсыздар. Қазір жел соғып тұр. Енді свет өшеді. Бәрі үйреніп алған. Өйткені, неге десеңіз? Мына столбтардың бәрі шіріп кеткен. Зорға тұр. Совет үкіметінен бері тұр.

Электр желісі жарты ғасырдан бері жаңартылмаған. Бағаны қисайып, сымдары үзіліп жатыр. Онымен қоймай, кеш түссе, трансформаторлардың қуаты жетпей, жалын ұшқындап, тұрғындардың зәре құтын қашырады.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Ауылдың қақ ортасында орналасқан трансформаторлардың аумағы мүлдем қоршалмаған. Тозып тұрғанымен қоймай, барлығы ашық-шашық күйде жатыр. Демек, адам өміріне аса қауіпті.

Зеренді аудандағы 180-ге жуық трансформатор мен 800 шақырымнан астам электр желісі жеке компанияның меншігінде. Тұрғындарды әбден зар илеткен кәсіпкер жылдар бойы жөндеу жұмыстарына бір тиын шығармаған көрінеді. Қанша қоңырау шалғанмен онымен тілдесу мүмкін болмады. Ал жергілікті билік кәсіпкермен бірнеше жылдан бері соттасып жатыр.

Болат Дүйсенов, Шағалалы ауылының әкімі:

Бес жыл болды. Сот арқылы қазір бізде ғана емес, Астанада да қаралып жатыр. Бірақ олар меншік болған соң, біз түк істей алмай отырмыз. «Зеренда Групп» дейтін компания директоры Жангалов Досбол Баянович деген кісі. Сол кісінің қарамағында осы жарықтың мәселесі.

Желіде апат болса, аудан техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялап амалдайды. Жыл он екі ай жарықтан тарыққан 40-қа жуық елдімекеннің жұрты қыста қайтіп күн көреміз деп күйзеліп отыр.

Ұмсындық Наурызбаева


ақмолаоблысы

Хабарламаларға жазылу