Қызылорда облысында ауыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында ауыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді

23.10.2023

Қызылорда облысы, Шиелі ауданында Республика күні мен өлкенің 95 жылдық мерейтойы тойланды. Биыл аудан диқандары мол өнімге кенеліп, қамбаны дәнге толтырды. Алтын күзге толайым табыспен жеткен дала еңбеккерлеріне сый-құрмет көрсетіліп, озат атанғандар марапат төрінен көрінді.

Биыл 31 мың гектарға егін еккен диқандар қауымы бау-бақша, көкөністің мол қорын жинап алды. Ал күріш атасы Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары 74 мың тонна Сыр салысын қамбаға құйды. Жәрмеңкеге ағылған тұрғындар арзанға қыстық азығын қамдап алды.

Мұрат Әшірбеков, Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Осы жәрмеңкеге 50-дің үстінде көлік келіп тұр. 120 тоннаның өнімі әкелінді. Ол өнгімдердің ішінде бақша өнімдері картоп, көкөніс өнімдері бар. Өзіміздің сыр күріші ақмаржанымызды халыққа ұсынып жатырмыз төмен бағамен.

Елдің ырыс-несібесін арттырған шаруалардың еселі еңбегі лайықты бағасын алды. Әр гектарынан жоғары өнімге қол жеткізген диқандар мен күзгі жиын-терімде тыным таппай еңбек еткен механизаторларға су жаңа автокөліктер мен тұрғын үй сыйға берілді.

Бауыржан Көпеев, шаруашылық төрағасы:

Ала жаздай еңбектің арқасында диқандар осындай керемет марапатқа ие болып жатыр. Биылғы жылы 1080 гектар жерге күріш дақылын орналастырып, одан қазір 70 центнерден өнім алып, үлкен нәтижеге жетіп жатырмыз.

Республика күнімен қатар 95 жылдық белесті бағындырған ауданның мерейтойына қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев диқандардың еселі еңбегін ерекше атап өтті. Думанды шарада елдің дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталып, мереке гала-концертке ұласты.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу